×

Президент зәулім үйлерде тұратын байлар үшін газ бағасын көтеруді ұсынды

Тоқаев жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарының алдында сөз сөйледі

 Дәурен Ерболат 29.03.2023 | 10:53
көрнекі фото: mykaleidoscope.ru

Ауқатты қазақстандықтар үшін газ бағасын көтеру ұсынылды. Бұл туралы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған Парламенттің бірлескен отырысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президенттің айтуынша, былтыр Қазақстанда тауар газының тапшылығы болған.

«Бұл жағдай бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіре жаздады. Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін нарықты газбен қамтамасыз ету керек. Қазақстанда газдың бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді бізге де енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн.

Жалпы төмен тарифтер мен төмен бағалар экономикамызға теріс ықпал етеді. Бөлінген барлық субсидиялар көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет. Басқа жол жоқ», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы ауқатты қазақстандықтар үшін газ бағасын көтеру мәселесін ұсынды.

«Қазіргі уақытта зәулім үйлерін күндіз-түні төмен тарифпен жылытатындар үшін жаңа жүйе бойынша газдың текшеметрі қымбаттырақ болуға тиіс. Әлеуметтік әділдік дегеніміз – осы. Қолда бар шикізатты пайдалану тиімділігін арттыру маңызды. Күнделікті тұрмыста да, мемлекет деңгейінде де үнемдеп үйрену керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Оның өзектілігі қазіргі күрделі геосаяси ахуал жағдайында күшейе түсті», - деді президент.

Президент өндірісте және тұрмыста газды арзан болғаны үшін бей-берекет жаға беруге болмайтынын атап өтті.

Мұны доғару керек. Үкімет тауар газының энергетикалық тиімділігін арттыру және оны үнемді пайдалану жоспарын әзірлеуі қажет, - деп сөзін түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама