Түркістанда жоғалып кеткен 11 жастағы қызға қатысты тың мәлімет шықты
5-сынып оқушысы төрт күннен бері табылмай жатыр
Түркістанда жоғалып кеткен Інжу Ескерместі іздестіру жұмыстары жаңа бағыт бойынша жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еске сала кетсек, 25 наурызда ПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, шамамен сағат 17:00-де кәмелет жасына толмаған қызының үйінен ойнауға шығып кетіп, қайта оралмағанын жеткізген. Әйелдің арызы бірден тіркеліп, ПД бастығының тікелей тапсырмасымен із-түзсіз жоғалған қызды табуға жеке құрам жұмылдырылды.
Полицейлер бірнеше күннен бері, күндіз-түні Інжу Ескерместі іздеп жатыр. Оларға көмекке қала тұрғындары, еріктілер, білім ошақтарының ұжымы қосылып, қызметтік иттер, дрондар қолданылды. ЖБО-ға қосылған бейнежазбаларды зерделеу барысында Інжудің аулада ойнағаны, одан соң жол бойымен белгісіз бағытта кетіп бара жатқаны анықталды. Інжумен бірге ойнаған көрші қызбен бірнеше рет тілдесу арқылы, екеуінің бірге су ағып жатқан арнаға барғаны, Інжудің сумен ойнағысы келіп, абайсызда құлап кетіп, одан шыға алмай қалғаны анықталды.
Қазір полицейлер осы бағыт бойынша қайта жоспар құрып, іздеу жұмыстарына Төтенше жағдайлар қызметкерлерін шақырды.
Іздеу жалғасып жатыр.