Мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды – Тоқаев

Халық үні

Президенттің айтуынша, білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс

Фото: Halyq Uni

Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай пікірді Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті, мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет,  - деді Тоқаев.

Сондай-ақ білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс екеніне тоқталды.

«Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай, тиісті бағдарлама қабылданады. Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті», - деді мемлекет басшысы.