×

«Қайта-қайта апат болып жатыр»: Тоқаев Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынды

Қазір Мәжілістің қарауында электр энергетикасына қатысты үш заң жобасы жатыр

 Халық үні 29.03.2023 | 10:36
Фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Парламенттің бірлескен отырысында Тоқаев инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет екенін айтты.

Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр. Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр, - деді мемлекет басшысы.

Айтуынша, қазір Мәжілістің қарауында электр энергетикасына қатысты үш заң жобасы жатыр.

«Депутаттық корпус заңнамадағы тиісті өзгертулерді шұғыл түрде қарап, қабылдауға тиіс. Коммуналдық желілердің әбден тозу салдарынан барлық өңірде дерлік қайта-қайта апат болып жатыр. Көптеген қалада жол, электр тарату желісі, газ құбыры секілді негізгі инфрақұрылымдардың тапшылығы қатты байқалады», - деді ол.

Президент елдің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыру қажет екенін айтты.

«Сондықтан Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс. Сонымен бірге, 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет», - деді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама