Мемлекет басшысы Парламентке өткен партиялар туралы айтты
Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдау көрсету жалғасады. Бұл туралы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған Парламенттің бірлескен отырысында мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Жалпы алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қолдауға арналуы керек. Ұлттық жобалар уақытылы және сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды», - деді Тоқаев.
Президент жаңа сайланған депутаттарға халық үміт артып отырғанын атап өтті.
«Өздеріңізге дауыс берген азаматтар үлкен үміт күтіп, сенім артып отыр. Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға септігін тигізеді.
Әсіресе, сайлауда жеңіске жеткен Amanat партиясы осы жұмысқа белсене атсалысады деп сенемін. Партияның тәжірибесі мол, қоғам тарапынан жан-жақты қолдау бар. Сондықтан, Amanat партиясы алдағы өзгерістердің бел ортасында болады деп үміттенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Парламентке өткен «Ақ жол» партиясы мен Respublica партиясы туралы да айтты.
Жалпы, орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау саясаты мемлекетіміздің ұзақ мерзімге арналған тұрақты стратегиясына айналуы керек. «Ақ жол» партиясы шағын және орта бизнесті дамыту, экономиканы монополиядан арылту туралы үнемі айтып жүр. Партияның Мәжілістегі депутаттары осы жұмысқа өз үлесін қосады деп сенемін.
Сондай-ақ, кәсіпкерлердің бастамасымен құрылған Respublica партиясы Парламентке өтті. Бұл ұйым бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға атсалысады деп ойлаймын, - деді президент.