Полицейлер Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарудың орнын анықтау жұмыстарын үзген жоқ
Жамбылдық сақшылар 8 қару, граната, 400-ге жуық патрон тапты.
Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері қаңтар айының басында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрланған қарулардың орнын анықтау бойынша күн сайын іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
28 наурыз-1 сәуір аралығында Жамбыл облысы аумағында 8 қару, гранаталар, түтінді жарғыштар, 397 түрлі калибрлі патрондар табылып, тәркіленді. Олардың ішінде автомат, 6 тапанша, бір тегіс ұңғылы шолақ мылтық бар, – дейді полиция.
Мысалы, 29 наурызда Жамбыл облысының тәртіп сақшылары үйінде сақталған атыс қаруын өз еркімен берген Тараз қаласының 40 жастағы тұрғынын анықтады. Қару-жарақ ішінде 4 макаров тапаншасы, MТ-ның 9 оқ жатары, 7,62 калибрлі 120 патрон, 12 калибрлі 11 патрон болды. Ер адам келу міндеттемесімен жіберілді. Барлық қаруға сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.
«Жамбыл облысының тәртіп сақшылары қару, оқ-дәрілер, арнайы құралдардың орны туралы хабарлаған немесе оны өз еркімен тапсырған адамның, егер оның басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылмайтынын еске салады. Анонимділікке кепілдік беріледі», – делінген ақпаратта.