Астанада пара беруге әрекет жасаған бір топ адам сотталды

Динара Амантай

Барлық сотталушылар белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды

Фото: Halyq Uni

Астанада бір топ адам пара беруге әрекет жасағаны және пара беруге итермелегені үшін сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кеше Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотында ААҚ Қызылорда филиалының директорына, оның сенімді тұлғасына, екі ЖШС-нің директорларына, сондай-ақ Астана қаласы бойынша МКДА камералдық бақылау бөлімінің бас маманына және тағы бір ер адамға қатысты айыптау үкімі жарияланды.

Сотта анықталғандай, ААҚ-ның сенімді тұлғасы мен осы компанияның Қызылорда филиалының директоры 2021 жылдың мамыр-тамыз айлары аралығында республикалық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды сатып алу тендеріне қатысқаны үшін 45 млн теңге көлемінде пара беруге әрекет жасаған.

Сонымен бірге ЖШС директоры мен мемлекеттік сатып алу жөніндегі маман ААҚ-ның филиалын тендерге қатысуға жіберу туралы мәселені шешкені үшін филиал директоры мен оның сенімді өкілін пара беруге итермелеген және олардан алынған пара түріндегі 45 млн теңгені ұрлап, оларды өз қалаулары бойынша жұмсаған.

Мемлекеттік сатып алу жөніндегі маман 2021 жылдың жазында ЖШС директорын бірнеше рет пара беруге итермелеген және Астана қаласы бойынша МКДА камералдық бақылау бөлімінің бас маманымен алдын ала сөз байласу бойынша ЖШС директорынан пара ретінде алынған 6,7 млн теңгені жымқырған.

Сотталушылардың кінәсі сотта және сотқа дейінгі тергеп-тексеруде сотталушылардың айғақтарымен, куәлардың айғақтарымен, ақшалай қаражатты аудару туралы банктік үзінді көшірмелерімен, пара түрінде алынған ақшалай қаражатты тұрғылықты жері бойынша тінту және алып қою хаттамаларымен, арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары және жасырын тергеу әрекеттері нәтижелерімен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелермен дәлелденді.

Сот үкімімен ААҚ-ның директоры, оның сенімді тұлғасы мен ЖШС директоры 6 жылға, тағы бір ЖШС директоры мен мемлекеттік сатып алу туралы маман 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

ЖШС директорының қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алған автокөлігі мен пәтері мемлекет кірісіне айналдырылды.

Астана қаласы бойынша МКДА камералдық бақылау бөлімінің бас маманы 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Барлық сотталушылар белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.