×

Ұлттық рәміздерді кәмпиттің қағазы мен кілттің бауына салуға бола ма

Мамандар оны насихаттың бір түрі деп есептейді

 Ербол Тұрымбет 28.03.2023 | 16:03
Фото: kt.kz

Мемлекеттік рәміздері туралы Ата заңның 9-бабында жазылған. Конституция бойынша, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Гимні бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдаланылу тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді».

Ал Қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» деп аталатын 372-бабында көрсетілген. Ол бапқа соңғы рет 2023 жылғы 3 қаңтарда өзгеріс енгізіліп, жаза деңгейі күшейтіле түсті. Аталған заңға сай, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау – үш мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоғыз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ал рәміздерді кәмпит пен шоколад қағазына, кілт бауына және басқа да сондай ұсақ-түйекке тағуға бола ма? Бұл жайында Halyq Uni мамандардың пікірін біліп білді.

Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Баяжұма мемлекеттік рәміздерді насихаттаудың мұндай дәстүрін құптайтынын айтады.

Себебі қазір мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстарының бір түрі – рәміз-белгілерді кілт бауына, қаламға, блокноттарға, күнтізбелерге, жалпы кеңсе тауарлары мен басқа да заттарға қолдануға болады, онда тұрған ештеңе жоқ. Бастысы, дәретхана қағазы сынды аяққа тапталатын заттарға салмаса болғаны. Ондай жасаған жағдайда заңмен қудаланады, ондай болмау керек, – дейді маман.

Орталық басшысының пікірінше, ол да адамдардың ұлттық рәміздерге күнделікті бой үйренуіне, оларға деген құрметінің артуына үлкен әсерін тигізеді. Мысал үшін мәслихат пен Мәжіліс депутаттарының туымыз бейнеленген төсбелгіні тағып жүргенін келтіруге болады.

Осы орайда, ендеше неге мектеп оқушылары, студент жастар, жалпы, бюджеттік саладағы болсын, кез келген Қазақстанның азаматы өзіміздің елтаңба бейнеленген төсбелгісін тағып жүруге болмайды? Болады! Оған ешқандай шектеу жоқ. Әркім туды өзінің көлігіне, балконына, үйінде төріне іліп қойса да қарсылық жоқ, – дейді маман.

Оның сөзінше, мысалы, түрік елдерімен салыстыратын болсақ, Түркияда көлік жөндейтін жерге барсаңыз (СТО), соның төрінде туы ілініп тұрады. Асханаға барсаңыз да әр үстелдің басында бір-бір ту қойылады. Қытай мемлекетін алатын болсақ, бір жарым миллиард халықты бір ғана қызыл тумен ұстап отыр. Бұл үлкен идеология деген пікір білдіреді.

Біз ондай деңгейге әлі жетпедік. Ол үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Жастардың арасында, халықтың арасында өзіміздің мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруымыз керек. Сондықтан да кез келген, насихаттауға болатын заңды түрлерін пайдалануға болады, – дейді Асылбек Баяжұма.

Осындайда айта кетерлігі, кейде кәмпиттің, шоколадтың сыртында тудың суреті бейнеленеді. Оны жыртып тастау ұлттық рәмізді қорлау деген пікір соңғы бірнеше жылдан бері айтылып жүр. Бірақ, маманның ойынша, он шақты жылдан бері бренд ретінде қалыптасып кеткен, көбіне шетелге шыққан кезде сыйға беру үшін алатын болса неге қолданбасқа?!

Иә, расымен, ішінде кәмпитін жегеннен кейін сыртындағы қағазын жерге лақтырып жіберіп жатқан жайттар бар, кездеседі. Дегенмен, оның бәрі әркімнің жеке әдебіне, құрметіне, ақылына байланысты. Соны жерде, аяқтың астында таптамай-ақ, жоғары жерге қойса болады. Сондықтан жекеменшік компанияның сатып алған бренді. Ол бүгінге дейін әлемдік деңгейде қалыптасып кеткен дүние болғандықтан оған тыйым салу да мүмкін емес. Керісінше, бір жаққа шыға қалсақ, міндетті түрде сол туымыз бейнеленген кәмпитті, шоколадты біздің Қазақстаннан деп мақтаныш ретінде алып барамыз, – дейді ол.

Тарихшы, төл валютамыз – теңгенің авторы Хайролла Ғабжәлелов те ұлттық рәміздерді қолданыс аясын шектеудің қажеті жоқ екенін айтады.

Америкада жалауда шортыйына дейін жабыстырып жүр. Бұл идеология! Ұлттық рухты көтереді. Баяғыда біздерде жалауды ұстағаны үшін Атырауда машиналарды қуып жүріп апарып отырғызды. Оның орнына керісінше, бүкіл жерде қолдануға мүмкіндік беру керек. Елтаңбада да солай. Оны мемлекеттік органдар ғимаратының маңдайына іледі. Оны менің мақтанышым, елімнің елтаңбасы деп басқа көп жерде қолдануға да болады ғой. Енді сол Американың шортыйын қоқысқа да тастап жатыр. Енді қайтеді?! Олай ұсақ-түйектің бәріне мән бере берсек, ештеңе істей алмай қаламыз, – дейді тарихшы.

Оның пікірінше, әлем тудың түр-түсіне емес, мемлекеттің саясатына қарайды. Әр түрлі мемлекет бар, олардың арасында ештеңесі жоқ тулар да бар. Бірақ мемлекеті мықты болғандықтан төбелеріне көтеріп ұстайды. Яғни, тудың да әлемдік, халықаралық аренада беделді болуы сол мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей байланысты деген сөз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама