Президент осы жұмысты күшейтуді тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрін қабылдады.
Мемлекет басшысына еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің қазіргі жағдайы және 2022 жылға арналған міндеттер, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ саланы реформалау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды, – дейді Ақорда.
Ербол Қарашөкеев президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, фермерлердің көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындығы туралы хабардар етті. Ведомство шаруалардың жанар-жағармай, тыңайтқыш, тұқым қорларымен қамтамасыз етілгендерін әрі техникалардың дайындығын қайта тексерді. Тоқаев осы бағыттағы қаржыландыру көлемін 2 есе ұлғайту туралы шешім қабылдады. Министрдің айтуынша, қазір шаруашылықтар көктемгі егіс науқанына толық дайын.
«Сонымен қатар мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешен мен ветеринария саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту үдерістерімен танысты», – делінген ақпаратта.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық тауарларды жаңа нарықтарға шығару, аграрлық ғылымды дамыту, көктемгі егісті сапалы жүргізу жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ жерді тиімді пайдалану үдерісіне, пайдаланылмайтын жерлерді қайтаруға бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.