Қостанай облысында жүк пойызы жылқыларды қағып кетті

Динара Амантай

Малдың иесіне 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды

Фото: Halyq Uni

Қостанай облысында жүк пойызы 3 жылқыны қағып кетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жыл басынан бері көлік полицейлері теміржолдарда қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 6 813 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ пойыздардың шұғыл тежелуінің 288 фактісі тіркелді. Оның ішінде адамдардың себебінен 62, үй жануарларының теміржол төсемінде болуымен байланысты 182 жайт тіркелген.

Көліктегі ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дәулет Молдахановтың айтуынша, 25 наурызда Қостанай станциясындағы желілік полиция бөліміне Темірбұлақ – Қостанай – Оңтүстік аралығында жүк пойызы машинисінің темір жолдарда жылқылар болғандықтан, шұғыл тежеу қолданғаны туралы хабарлама келіп түскен. Соқтығысудың алдын алу мүмкін болмай, салдарынан пойыз 3 жылқыны қағып кеткен. Сол себепті, пойыз 24 минут жоспарсыз тұрақтап тұрды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жылқылардың иесі анықталды. Ол Қостанай облысының 40 жастағы тұрғыны болып шықты. ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Айта кету керек, жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде биыл бірінші тоқсанда пойыздардың шұғыл тежелуінің саны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 34%-ға төмендеді», – деді Дәулет Молдаханов.