Қоңырау шалған жігіт телефон нөмірі бойынша бірден анықталды
Жарылғыш зат туралы жалған хабар берген өскемендіктің бас бостандығы 3 жылға шектелді.
2 қаңтарда Өскемен қалалық ПБ Үлбі ПБ 102 жедел арнасына белгісіз жігіт қоңырау шалып, қаланың сауда үйлерінің бірінде бомба қойылғанын хабарлаған. Ақпаратты алғаннан кейін дереу оқиға орнына мамандандырылған қызметтер жеткен. Тексеруден кейін қоңырау жалған болып шықты. Тәртіп сақшылары телефон нөмірі бойынша қоңырау шалған жігітті жедел анықтап, ұстады. Ол облыс орталығының 21 жастағы тұрғыны болып шықты. Куәландыру нәтижесіне сәйкес, ол орташа мас күйде болған, – дейді полиция.
Аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 273-бабы (терроризм актісі туралы жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, іс сотқа жолданды. 24 наурызда аталған жігітке 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Осы жылдың үш айында ғана сақшылар басқа арнайы қызметтермен бірлесіп, осындай 4 шақыртуды тексерген. Олар тексеру барысында жалған болып шықты және ақпарат расталмады.
Полиция департаменті қоғамдық резонанс пен ықтимал салдарларды ескеріп, мұндай құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Оның санкциясымен 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.