Алғашқы серияны түсіруге 6 ай уақыт кеткен
Оралда мектеп оқушысы түсірген мульттоптама көрермен назарына ұсынылды. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Идея авторы – Досжан Бөкенбай. Ал анимациялық картинаның бас кейіпкері – Дарын есімді жеткіншек. Мультфильмде оның күнделікті өмірде достарымен бірге өткізген қуаныш пен күйзеліске толы сәттері көрініс тапқан.
Оқиға желісі Орал қаласының көрікті жерлерінде өрбиді. Туындыда махаббат пен достық, өнер мен еңбекқорлық тақырыбы қамтылған. Саундтректі де оқушылардың өздері жазған.
Алғашқы серияны түсіруге 6 ай уақыт кеткен. «Жас таланттардың анимациялық сериалы көңілден шықты, енді жалғасын көруге асықпыз», - дейді оралдықтар.
2021 жылы алғаш рет сурет мектебіне барған кезде суретшілер туралы мультфильм шығарсам деген ой келді. Содан кейін топ жинаймын деп, жаздың басында кастинг жарияладым.
Суретшілер мен аниматорларды жинап, осындай кішігірім құрам жұмыс істедік», - дейді жоба авторы Досжан Бөкенбай.