Оларға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды
Алматыда Ресей Федерациясының масаң күйдегі екі азаматы әуе рейсінен түсірілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне Air Astana әуеакомпаниясы өкілінің актісі бойынша екі жолаушы берілді. Оның айтуынша, ер адамдар Алматы – Астана бағытындағы әуе рейсіне отырғызу кезінде өздерін дөрекі ұстап, бортсеріктерді балағаттаған.
Көлік полицейлері тексеру кезінде масаң күйде болған Ресей Федерациясының 34 жастағы екі азаматын анықтады. Медициналық куәландырудың нәтижесі бойынша олар «орташа» және «жеңіл дәрежедегі» масаң күйде болған. Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы мен 434-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Ұсақ бұзақылық бойынша материал тиісті шешім қабылдау үшін Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданатын болады.
Еске сала кетсек, жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 12 539 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді iшкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келгені үшін 1 429 адам, ұсақ бұзақылық үшін 179 адам жауапқа тартылған.