×

Тұрғын үй салу үшін Алматының тау бөктеріндегі алма бақтары жойылып жатыр

Тұрғындар қоғам белсендірелері мен биліктен көмек сұрап отыр

 Айнұр Шошаева 05.04.2022 | 11:52
фото: kazakh24.info

Алматы тұрғындары Обсерватория ауданындағы алма ағаштарының кесіліп жатқанына алаңдап отыр. Жойылған бақ орнында құрылыс жұмыстары басталуы мүмкін.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, наурыз айының соңында бақтың аумағында бірнеше техника жұмысын бастаған. Олар кесілген ағаш пен топырақты артып әкетіп жатыр.

 Қала тұрғыны Василиса Қуанышева кесіліп жатқан ауданда қалған соңғы алма бағы екенін айтып отыр.

«Кешеден бері қызу жұмыс істеп жатыр. Қанша айтсақ та, ешкім тыңдамайды. Бұл жақсы өнім беретін ағаштар, әйгілі КИЗ-дің алма бақтары. Бірнеше жылдан бері соны сақтап қалуға тырысып келеміз, бірақ ешкімнің елейтін түрі жоқ. Бақтың түгі қалмады, сел кез келген уақытта көшуі мүмкін. Алматы бұрынғыдай алманың ордасы емес, бар бақтың бәрі құрып бітті», - деді ол.

Бұған қоса, ол қоғам белсендірелері мен биліктен көмек сұрап отыр.

«Бұл жерде сел жүру қаупі бар, құрылыс жүргізуге болмайды. Ағаштың тамыры беткейлерді ұстап тұрды. Қазір ағаштар кесіліп, топырақтың жоғарғы қабаты алынып жатыр. Бұл бақтар жеміс береді, былтыр халық өнім жинап алды. Баурайында шипажай мен үйлер бар. Неткен немқұрайлық, сел болса кім жауап береді?», - деп қосты ол.

Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, ағаштар Каменск үстіртінің ауданында кесіліп жатыр. Ол жер Алматы қаласының аумағына кіреді.

«Бұл аумақ мемлекеттік орман қоры жерлерінің және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына кірмейді. Бұл мәселені қарау инспекцияның құзыретіне жатпайды. Ағаштар Алматы қаласының жерлерінде өсетіндіктен, қажет болған жағдайда оларды кесуге рұқсат беруді VI сайланған Алматы қаласы мәслихатының ХХХІІІ сессиясының 2018 жылғы 14 қыркүйектегі №260 шешімімен бекітілген «Алматы қаласының жасыл екпелерін күтіп-ұстау және қорғау қағидаларына» сәйкес жергілікті атқарушы органның уәкілетті органы жүзеге асырады. Жергілікті атқарушы органның уәкілетті органы - Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасы», - делінген инспекцияның ресми жауабында.

Бұған қоса, инспекция ағаштардың неліктен кесіліп жатқанын атап өтті.

«Жер қатынастары басқармасы өкілінің айтуынша, ағаштар кесіліп жатқан учаске Алматы қаласының аумағында орналасқан. Ол учаскені пайдалану құқығына мемлекеттік акті бар, нысаналы мақсаты – жеке тұрғын үй салу», - деп жауап берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама