Мемлекеттік Туды кіреберісте, киім ілетін бөлмеде қоюға болмайды
Мемлекеттік рәміздерді қолдануда тағы нені білу керек
Мемлекеттік туды, мемлекеттік елтаңбаны және олардың бейнелерін, сондай-ақ мемлекеттік гимннің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы Үкіметтің 2007 жылғы 2 қазандағы N 873 Қаулысында жазылған. Қоғамдағы түрлі жағдайға байланысты соңғы рет 2020 жылдың 27 қазанында өзгерту енгізілді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оған сол күнгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туиттер парақшасындағы жазбасы түрткі болған еді. Онда қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер барын айтып, мысал ретінде пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына ту ілуге тиым салынғанын келтірді. Соған байланысты заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет екенін тапсырған. Үкімет оны созбаққа салмай, сол күні-ақ № 801 қаулысын шығарып, алдыңғы қаулыға дереу өзгеріс енгізді.
Содан бастап қаулының төртінші тармағы былайша жазылатын болды: «Жеке және заңды тұлғалар патриоттық сезімін, қазақстандық бірегейлікті білдіру, елдің және оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын пайдалануы (орнатуы, орналастыруы) мүмкін».
Сондай-ақ, осы Қаулыда мемлекеттік рәміздерді қолдану қағидаларында басқа да қызықты ережелер жазылған.
- Мемлекеттік Туға тәуліктің қараңғы уақытында жарық түсіп тұруға тиіс;
- лауазымды тұлғалардың кабинеттеріндегі, залдардағы Мемлекеттік Ту 1х2 метр көлемінде Елтаңбаның сол жағында (тігіледі) орналастырылады;
- Мемлекеттік Туды шет мемлекеттердің, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да ұйымдардың туларымен бір мезгілде көтергенде (тіккенде, орналастырғанда) көлемі басқа тулардан кіші болмауға және төмен орналастырылмауға тиіс;
- Қаулыдағы 13-тармақтың екінші тармақшасында жеке және заңды тұлғаларға тиесілі ғимараттарда, үй-жайларда (үй-жайлардың бөлігінде) орналастырылатын Мемлекеттік Ту ұлттық стандартқа сәйкес әсем безендірілуге және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіреберістен және киім ілетін бөлмелерден алыс орналасуға тиіс;
- Заңды тұлғалар мемлекеттік туды қағидаларға сәйкес бір қабатты және (немесе) көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктерін ескереді және мынадай параметрлерді пайдаланады:
1, 2, 3, 4, 5 қабатты (20 метрге дейін) ғимараттарда мемлекеттік ту (1х2 метр өлшеммен) ғимараттың төбесінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады;
2) 6, 7, 8, 9 қабатты (30 метрге дейін) ғимараттарда мемлекеттік ту ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (1,5х3 метрден 2x4 метрге дейін өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1x2 метр өлшеммен) орналастырылады;
3) 9 қабаттан жоғары (30 метрден жоғары) ғимараттарда мемлекеттік ту ғимараттың төбесінде немесе фронтонында (2x4 метр және одан жоғары өлшеммен) немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада (1х2 метр өлшеммен) орналастырылады.
Ал Мемлекеттік Елтаңбаға келсек, оның да өзіндік қолданылу ерекшеліктері бар. Елтаңбаны қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының геральдикалық негізі ретінде пайдалануға болмайды.
Кабинеттерде лауазымды тұлғаның жұмыс орнының арт жағындағы қабырғаға орналастырылатын Елтаңбаның диаметрі 500 миллиметр болу керек.
Ал бір және (немесе) көпқабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері ескеріледі және мынадай өлшемдер пайдаланылады:
- Бірқабатты ғимаратта Елтаңба (диаметрі 500 миллиметр) ғимараттың жабу деңгейінде немесе фронтонында немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшада орналастырылады;
- Биіктігі 20 метрге дейінгі 2, 3, 4, 5 қабатты ғимараттарда соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында орналастырылса, диаметрі 1-ден 1,5 метрге дейін болу керек. Ал ғимаратқа кіреберіс маңдайшада диаметрі 500 миллиметр көлемінде орналастырылады;
- Биіктігі 30 метрге дейінгі 6, 7, 8, 9 қабатты ғимараттарда соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында диаметрі 2 метр болып тұруға тиіс. Ал ғимаратқа кіреберіс маңдайшада диаметрі 500 миллиметр болып орналастырылады;
- Ал биіктігі 30 метрден немесе 9 қабаттан жоғары ғимараттарда соңғы қабаттың жабу деңгейінде немесе фронтонында диаметрі 3 метр және одан жоғары болу керек. Немесе ғимаратқа кіреберіс маңдайшадағы көлемі 500 миллиметр диаметрден кем болмайды.