Биыл ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету 96%-ға жетеді

Халық үні

Қазақстандықтар ауыз сумен 2025 жылға дейін толық қамтамасыз етіледі

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда қазірге дейін алты облыста қала тұрғындары ауыз суға 100 пайыз қосылған. Оның ішінде Маңғыстау облысы, Қызылорда облысы, Батыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы және Атырау мен Жетісу облысы бар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, республика бойынша қалалар 98,4% ауыз сумен қамтылған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ал ауылдық жерге келсек, тек Маңғыстау облысында тұратын азаматтар ғана ауыз суға толық қосылғанын аңғаруға болады. Екінші орында – ауыл халқының 99,3 пайызы ауыз суға қосылған Атырау облысы, үшінші орында 99,2 пайызы ауыз суға қол жеткізген Алматы облысы тұр.

Қостанай облысы, Жетісу облысы және Солтүстік Қазақстан облысында ауыл халқы ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша төменгі орында тұр. Бұл өңірлерде 74,9 пайыз, 82,8 пайыз және 83,5 пайызы ауыз суға қосылған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі республика бойынша бұл мәселе 2025 жылы толық шешіледі деп жоспарлап отыр.

АСТАНАНЫ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ

Наурыздың басында премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен елорданы дамыту жөніндегі мәселелер талқыланған жиын өтті. Ол жерде қала әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа бағдарламалық құжаттарды таныстырды. Ішінде елорданың бас жоспары, қаланы 2030 жылға дейін жаңғырту бағдарламасы да таныстырылған.

Қалада тұрғын үйді қолданысқа беру қарқыны, үлескерлер мәселесін шешуге бағытталған шаралар, жылу электр орталығының құрылысы мен газ жылу станциясын салу секілді тақырыптар да көтерілген. Тұрғын үй салынған соң оған ауыз су қосу жұмыстары туындайтыны белгілі. Қала әкімі ауыз су өндіру үшін сорғы-сүзгі станциясын іске қосу, алты электр қосалқы станциясы мен ірі кәріз-тазарту құрылысын жобалау туралы хабарлады.

Қала халқының өсуіне және елорданың қарқынды дамуына байланысты ауыз су өндіру бойынша жобалық қуаттардың тапшылығы байқалады. Қазіргі уақытта «Астана Су Арнасы» МКК су қысымын реттеу бойынша шаралар қабылдауға мәжбүр.

Осы жағдайға байланысты Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рустамбековтың айтуынша, Астананың мүмкіндігі шексіз емес. 

«Астанадағы кей ауданда тұрғындарға су жетпей жатыр. Жыл сайын миллиондаған шаршы метр тұрғын үй қосылып жатыр, одан басқа да ғимараттар бар. Астанада жылу да жеткіліксіз. ЖЭО-3 салынып жатқанына он жыл болды. Әлі бітпеді. Қаладағы жер үйлер көмір жағып отыр. Электр қуаты да тапшы болғалы тұр. Одан бөлек – жердің өзі шектеулі. Қаланың ішінде бір ауданнан екінші ауданға бару қиындады. Барлық жерде кептеліс. Қала тұрғындары жыл сайын 60-70 мың көлемінде көбейіп жатыр. Мектептерде де орын тапшы», - дейді сәулетші.

АЛМАТЫДА ЖАҢА СУ КӨЗІ САЛЫНАДЫ

2 наурызда Алматы әкімі Медеу ауданы тұрғындарымен кездесті. Жиында ауыз су, қаланы жарықтандыру секілді мәселелер қозғалды. Қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуыша, Алматыда 2023 жылы төрт су көзі салынады. Соның нәтижесінде Медеу ауданында бірнеше шағын аудан ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Ол аудандар:

  • Каменск үстірті;
  • Көлсай шағын ауданы;
  • Мұзтау шағын ауданы;
  • Юбилейный шағын ауданы.

Сондай-ақ әкімдік «Балқаш» резервуары мен сорғы станциясын толық реконструкциялау жоспары туралы хабарлады.

Бұл шешім Каменск үстірті шағын ауданындағы ұңғымалардағы су деңгейін өлшеп, ұңғыма дебетінің 2,5 есе төмендегенінен кейін қабылданды, - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Бұл жобаға бөлінетін қаражат – 3 млрд 568 млн теңге.

Жұмыстың басталу уақыты – 2023 жылдың сәуірі.

Ресми ақпарат бойынша, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Ал бұл жұмыстар аяқталғанша аталған төрт шағын ауданның тұрғындар суға жауапты қалалық қызмет пен аудан әкімдігінің бірлесе жұмысы нәтижесінде ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін Көлсай, Кеңсай, Сұлусай, Компот, Мұзтау шағын ауданда тұратын 19 мың адам үшін сапалы су және кәріз жүйесімен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Алматы әкімдігі 64,7 шақырым су құбыры және кәріз желілерін салады.

«Сонымен қатар Думан шағын ауданында ұзындығы 14 шақырым су құбыры мен кәріз желісі жобасының құрылыс жұмыстарын жүргізу талқыланып жатыр», - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, 2014 жылы Алматы облысы Талғар ауданының аумағы Алматыға қосылғаннан кейін осы шағын аудандардың тұрғындарын сапалы сумен және кәрізбен қамтамасыз ету қажеттілігі туындады. 2022 жылы 5,4 шақырым сумен жабдықтау және кәріз желілері салынды және қайта жаңартылды.

ШЫМКЕНТТЕГІ ЖАҒДАЙ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов президентке есеп берген кезде қаланың даму перспективаларын ескеріп, жаңа бас жоспар бекітілетінін хабарлады.

Әкімнің сөзінше, бұл қала халқының өсуімен тығыз байланысты.

2023 жылдың соңына дейін қала шетіндегі тұрғындар ауыз сумен және электр желісімен толық қамтамасыз етіледі, - деген еді Әйтенов мемлекет басшысының қабылдауында болған кезде.

Сондай-ақ қалада «жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 25 жаңа мектеп салынады.

ҚАНША ҚАРАЖАТ БӨЛІНГЕН

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, 2022 жылдың қала халқының 98,4 пайызы және ауылда тұратындардың 94,5 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ал бұл көрсеткіш 2021 жылы қалада – 98,1 пайыз, ауылда – 93 пайызды құрады. Осылайша бір жылда өсім қала бойынша 0,3 пайызға және ауылда 1,5 пайызға артты.

Айта кетейік, ел бойынша 6 293 ауыл бар, оның ішінде 4 909 ауыл ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Енді жауапты министрлік қалған 1 348 ауылды сумен қамтамасыз етуге тиіс. Оның ішінде 416 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау қажет, ал қалған 695 ауылда кешенді блок-модуль орнатылады.

Бұл мақсатқа мемлекет қомақты қаражат бөліп отыр. Мысалы 2022 жылы қалаларда 1 598,4 шақырым және ауылдарда 3 577,4 шақырым су құбыры желісі салынды және қайта жаңартылды. Биыл бұл жұмыстарға 171,8 миллиард теңге бөлінген. Республикалық бюджеттен бөлінген бұл қаражатқа сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі 299 жобаны іске асырылады.

Министрліктің хабарлауынша, қалада 82 жоба іске асады. Оған 93,3 миллиард теңге қарастырылған. Ал ауылдағы жобаларға 78,5 миллиард теңге бөлініп отыр.

Нәтижесінде 2023 жылдың соңында қалаларда 98,7% және ауылдарда сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізуді 96% қамтамасыз ету жоспарланған.

«АУЫЗ СУ» САЛАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ

1990 жылдардың аяғынан бастап халықтың денсаулығы мен елдегі экологиялық жағдай төмен деңгейде болды. Ал жер үсті су қоймалары қалдықтар мен химиялық заттарды ластады. Тәуелсіздік жылдарында халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше жоба бар. Соның бірі «Ауыз су» бағдарламасы. Ол 2002-2010 жылдарға арналған және екі кезеңнен тұрды: 2002-2005 жылдар (1 кезең), 2006-2010 жылдар (2 кезең).

Бағдарламаның мақсаты – халықты қажетті мөлшерде және кепілді сапада ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету.

Бастапқы бюджет 300 млн теңгені құрады. Бағдарлама жергілікті, республикалық бюджеттер, сыртқы қарыздар, гранттар және шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаражаты есебінен қаржыландырылды.

Бағдарлама қорытындысы бойынша 7 231 елді мекенді, 174 елді мекенді, 86 қаланы және шағын қаланы сумен қамтамасыз ету жоспарланды. Сонымен қатар сумен қамтамасыз ету деңгейі 80%-ға дейін, ал орталықтандырылған көздерден суды пайдалану 20-25%-ға дейін өсуі керек еді.

«АҚ БҰЛАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ

2010 жылы президент жарлығымен 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы бекітілді. Іске асыру мерзімі екі кезеңде бөлінді: 2011-2015 жылдар (1 кезең), 2016-2020 жылдар (2 кезең). Алайда бағдарлама ұзаққа созылмады және 2014 жылы күшін жоғалтты.

Бағдарламаның мақсаты – халықты сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз ету.

Ол даму институттарының қаражаты, пайдалану кәсіпорындарының меншікті қаражаты, отандық және шетелдік инвестициялар есебінен және мемлекеттік бюджетте көзделген қаражат шегінде қаржыландырылды. Бюджеттен 951 млн 490,3 мың теңге бөлінді.

Бағдарлама қорытындысы бойынша ауылдарда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті 80%-ға, шағын қалаларда 100%-ға қамтамасыз ету жоспарланды. 86 қалада және 6 943 ауылда сумен жабдықтау және су бұру жобаларын мониторингтеу жүйесімен қамту және халықты тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қойылды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік 97,2%-ғаа, ауылдарда 64,3%-ға қамтамасыз етілді.

2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаннан кейін республиканың барлық халқының ауыз суға қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі бастапқы жоспарлар 2020 жылға қарай 2025 жылға ауыстырылды.