«Риддер ЖЭО» АҚ басшылығына 11 млн теңгеден аса айыппұл салынды

Динара Амантай

22 мыңға жуық тұтынушының құқығы қорғалды

Фото: Halyq Uni

Шығыс Қазақстан облысында «Риддер ЖЭО» АҚ-ның тұтынушыларға жылу жеткізу кезінде 240-тан аса заңнамаларды бұзу фактілері анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Былтыр қараша айында Риддер қаласының ЖЭО-сында апат болып, бұл қала тұтынушыларына жылу берудің төмендеуіне алып келді. Аталған жағдайдың себептерін анықтау үшін Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы уәкілетті органдардың мамандарымен бірлесіп, кәсіпорын қызметіне тексеру жүргізді. Оның нәтижелері «Риддер ЖЭО» АҚ-ның қанағаттанарлықсыз техникалық жай-күйін көрсетті. Атап айтқанда, мекемеде 240-тан аса заңнамаларды бұзу фактілері анықталды.

Прокуратураның қадағалау актілері бойынша уәкілетті органдары ЖЭО-ға қатысты бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығара отырып, 11 млн теңгеден аса әкімшілік жаза қолданды.

Прокуратураның ұсынысы бойынша «Риддер ЖЭО» АҚ-ның жылу энергиясын тиісті деңгейде жеткізбегені және сапасының нашарлағаны үшін төлемді қайта есептеу арқылы 63,3 млн теңге көлемінде 21,7 мың тұтынушыға залал өтелді.

Бұдан басқа, тексеру барысында 548 млн теңгеге тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаның қаражатын мақсатсыз жұмсау туралы табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзу фактісі анықталды.

«Риддер ЖЭО» АҚ үшін 2023 жылғы 1 сәуірден бастап 2024 жылғы 31 наурызға дейін халыққа тарифті 18%-ға төмендете отырып, уақытша өтемдік тариф бекітілді.