Мегаполисте Наурыз мейрамына орай «GREAT QAZAQ GAMES» спорт сайысы өтті
Шымкент қаласында Наурыз мейрамына орай «GREAT QAZAQ GAMES» спорт сайыстары өтті.
Сайыста еліміздің барлық өңірінен және Түркия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Сауд Арабиясы мен Иорданиядан келген спортшылар бақ сынады. Спортшылар 3 күн бойы көкпар, бәйге, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату және тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорт түрлері бойынша бақ сынады.
Шымкент қаласындағы жаңа ипподромда өткен байрақты бәсекеде аударыспақ 5 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Нәтижесінде 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ақтөбелік Азамат Серғазин, 70 келіге дейінгі салмақта тағы бір ақтөбелік спортшы Шыңғысхан Ержанов, 80 келіде – түркістандық Дарын Өткелбай, ал 90 келіде Түркістан облысының тағы бір өкілі Есімхан Рахматілла жеңіске жетті.
Ал 90 келіден жоғары салмақта Ақтөбе облысынан келген палуан Арман Сағымбаевтың бағы жанып, «GREAT QAZAQ GAMES» ойындарының жеңімпазы атанды.
Көрермен қауым үшін ең қызықты сайыстың бірі көкпар болды. Командалық көкпар бойынша жүлделі 3-орын жарыс қожайындары Шымкент қаласының көкпаршыларына бұйырды. Финалда Қырғызстан Республикасының ұлттық құрамасы мен Жамбыл облысы арасында тартысты ойын болды. Нәтижесінде жамбылдық көкпаршылар жеңіске жетті.
Қазақ күресі бойынша палуандар 8 салмақ дәрежесінде бақ сынап, өзара жеңімпаздарды анықтады. Оған қоса түй палуанды анықтауға арналған белдесулерде үшінші орын қызылордалық спортшы Мақсат Исағабылов иеленді. Ал финалға қос бірдей шымкенттік палуан Ерсұлтан Мұзаппаров пен Марат Байқұмаров шықты. Тартысты өткен белдесудің қорытындысы бойынша Марат Байқұмаров жеңіске жетіп, «GREAT QAZAQ GAMES» ойындарының түйе палуаны атанды.
Мұнан бөлек көнеден келе жатқан дәстүрлі спорт түрлерінің бірі жамбы ату бойынша сайыстар түрік, корей және қазақ стилі бойынша ұйымдастырылды. Сондай-ақ теңге ілу мен асық ату, ерлер мен әйелдер арасында тоғызқұмалақ және дәстүрлі садақ ату сайыстары өтті.