Halyq Uni логотип
×

Қарағанды облысының өзендерінде мұз жару жұмыстары басталды

Сондай-ақ 4845 су өткізу құбырларын және 463 көпірді тазарту жұмыстары аяқталды

 Динара Амантай 23.03.2023 | 15:15
Қарағанды облысының өзендерінде мұз жару жұмыстары басталды
Фото: Қарағанды обл. ТЖД баспасөз қызметі

Өңірде кешеден бері өзендерде мұзды ұсақтау және қопсыту бойынша жарылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде өңірде су тасқыны бойынша жағдай тұрақты. Елді мекендерді су басып, жолдарды су шаю тіркелген жоқ. Белсенді су басу процестері байқалмайды. Ғарыштық мониторинг деректері бойынша облыстың 69 пайыз аумағын қар жауып тұр. Самарқанд су қоймасынан көлемі 15 м3/с, ағыны 7,5 м3/с, Ынтымақ су қоймасынан 8 м3/с, ағыны 16,7 м3/с су төгу жалғасып жатыр. Шерубай – Нұра су қоймасынан ағындар жоқ.

Облыста 4845 су өткізу құбырларын және 463 көпірді тазарту жұмыстары аяқталды.

Қар тазалау жұмыстары жалғасып жатыр, облыстан 2 млн 238 мың текше метр қар шығарылды. 135 шақырым дренаждық траншеялар кесіліп, 185 шақырым каналдар мен арықтар тазартылды.

Өңірде 22 наурыздан бастап өзендерде мұзды ұсақтау және қопсыту бойынша жарылыс жұмыстары басталды. Бұқар-Жырау ауданындағы Ботақара, Мұстафина, Жастілек, Петровка және Теміртау қаласындағы 7 учаскеде 3390 шаршы метр аумақта кесу-жару жұмыстары жүргізілді.

Су тасқыны кезеңіндегі ережелер мен іс-шаралар бойынша тұрғындармен белсенді профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр.

«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша наурыз айының 3-ші онкүндігінің соңында ауа температурасының біртіндеп көтерілуі күтіліп отыр. Осыған байланысты ТЖД тұрғындарға аула аумағын қардан белсенді түрде тазалауды, арықтарды және тұрғын үйлердің жанындағы каналдар тазартуды ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама