Ералы Тоғжанов Қобда ауылындағы қираған 78 үйдің 24-і салынатынын айтты
13 үй әлі су астында жатыр
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға салынатын 24 үйдің жоспарымен танысты. Сол сәтте ол Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген бастаманың маңыздылығын атап өтті.
Ауылда болған табиғи апатқа қарамастан ауызбіршілік, ынтымақ танытып, үлкен істі қолға алғымыз келеді. Бүгін Наурыз мейрамында жаңа үйлер салынатын жерлерге қазық қағады. Құрылысты өзім қадағалаймын. Оны екі айдың ішінде аяқтаймыз. Әрқашан осылай бір-бірімізге қолдау көрсетсек, еліміз тұрақты дамиды, - деді өңір әкімі құрылыс алаңында тұрып.
Ал облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа тұрғын үйлерді пайдалануға беру маусым айына жоспарланған. Аумағы 100 шаршы метрлік 4 бөлмелі, іші әрленген типтік үйлердің құрылысына 5 мердігер тартылған.
Еске сала кетсек, Қобда ауылында тасыған су 78 үй мен 22 ауланы басып қалған болатын. Ауылда аудан әкімі Болат Құловтың шешімімен жарияланған төтенше жағдай әлі де сақталып отыр.
Бағалау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша, 7 үй қалпына келтіруге жатпайды, 4 үйдің қабырғасы қирап, апатты деп танылды, 13 үй әлі су астында жатыр.