300 оқушы мектеп қалпына келтірілгенге қашықтан білім алады
Солтүстік Қазақстан облысында тағы да төтенше жағдай. Аққайың ауданына қарасты Тоқшын мектеп-гимназиясының шатыры опырылып түсті.
Кешкі сағат алты шамасында білім ордасына жапсарлата орналасқан акт залының төбесі құлаған.
Алдын ала болжам бойынша мектеп іргетасы әбден шөгіп, шатырын су басқан.
Оқыс оқиға салдыранан адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ.
Айта кету қажет, аталған нысан 1955 жылы пайдалануға берілген. Оқиға орнына бірден жауапты орган өкілдері жетіп, мән-жайды анықтап, тиісті шаралар қабылдау үшін арнайы комиссия құрылды.
Қазір аталмыш білім ұясында 300-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Енді олар жағдай қалпына келтірілгенше қашықтан білім алады.
Биыл әкімдік аталған мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуге қосымша қаражат бөліп отыр. Жазда мектептің төбесі, акт залы мен интернат ғимаратының шатыры ауыстырылады деп жоспарланып отыр.