×

Алматыда студент жарылғыш құрылғы жасырылғаны туралы 4 рет хабарлама жіберген

Дәлелдемелерді ұсынғаннан кейін ол өз кінәсін мойындады

 Динара Амантай 21.03.2023 | 16:39
Фото: polisia.kz

Студент сабақты болдырмау үшін жарылғыш құрылғылар туралы жалған хабарламалар жіберген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция өызметкерлерінің мәліметінше, Алматыда экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлерімен Жүргенов атындағы Өнер академиясы колледжінің кәмелетке толмаған студенті анықталып, ұсталған. Ол оқу орнында жарылғыш құрылғы жасырылғаны туралы бірнеше рет жалған хабарлама жасады деген күдікке ілінді.

Анықталғандай, ол 27, 28 ақпанда және 2 наурызда таңғы уақытта колледждің қызметтік электрондық поштасына электрондық мекенжайын ауыстыру бағдарламасын қолдана отырып, төрт рет хабарлама жіберген. Ұсталғаннан кейін және алынған дәлелдемелерді ұсынғаннан кейін ол оқуда үлгермеуіне байланысты оқу процесін тоқтату үшін осы қылмыстарды жасағанын мойындады.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша тіркелді.

ІІМ терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.

Бүгінде құқық қорғау органдарында мұндай қылмыстармен күресу үшін барлық мүмкіндіктер бар және заманауи техникалық құралдар қолданылады. Мұндай қылмыстардың басым көпшілігі кезекші тәулікте ашылады, – деді ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуев.

Бұл қылмыс үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залал өтелуі тиіс. Егер мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда залалды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі. Барлық күштердің бір шығуының өзіне 200-ден 300 мың теңгеге дейін жұмсалады, ал кәсіпорындар мен сауда объектілерінің тоқтап қалуынан келтірілген залал миллиондаған теңгемен есептелуі мүмкін.

Мәселен, қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекетке осындай жалған хабарламалармен келтірілген материалдық шығын жыл сайын 500 мыңнан 2 млн теңгеге дейін екені анықталды.
 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама