Ойыл ауданында 5 үй мен 25 аула су астында қалған
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен көктемгі су тасқыны кезінде келтірілген залалды бағалау жөніндегі комиссия Ойыл ауданының Қаратал ауылындағы үйлер мен аула аумақтарын тексеруге кірісті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, елді мекенде 5 үй мен 25 аула су астында қалған. Өңір басшылығы Қобда ауданы Қобда ауылында және Ойыл ауданы Қаратал ауылында су тасқыны салдарынан зардап шеккен отбасыларға қажетті көмек көрсету бойынша барлық шараларды қабылдап жатыр.
Облыс аумағында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр: 14-19 наурыз аралығында 475 036 м3 еріген қар суы сорылды, 29 333 дана қап төселді, ұзындығы 3600 м жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді, 14 637 м3 инертті материал әкелінді, ұзындығы 325 метр уақытша бөгет салынды, 593 550 мың текше метр қар шығарылды.