1988 жылдан бастап ол қайта тойлана бастады
Бүгін Қазақстан халқы Наурыз мейрамын тойлап жатыр. Ұлыстың ұлы күні туралы қызықты деректерді Halyq Uni тілшісі дайындаған материалдан оқыңыз.
Көне заманнан бері Наурыз – күн мен түннің теңелген уақыты (жаңаша 22 наурыз, ескіше 9 наурыз) әрі жыл басы ретінде тойланып келе жатқан мейрам.
Оның қадым заманнан келе жатқан мейрам екенін Абай: «Бірер сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген тарихи мақаласында Наурыз тарихын көшпелі халықтардың сонау «хибаги», «хұзағи» деп аталған заманға дейін апарып:
Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрам болып, наурыздама қыламыз деп тамаша қылады екен. Сол күнді Ұлыстың ұлы күні дейді екен, - деп жазған.
Этнограф, тарихшы, философ Мәшһүр Жүсіп Көпеев:
Қазақта Наурыз деген кісі аты болған. Қыз-келіншектер оның атын атай алмай «Ұлы күн» деп Ұлыстың ұлы күн деп кеткен. Ұлыс – Түркінің ата-бабаларынан қалған ескі тіл. Қазақта оны Ұлыстың ұлы күні – Наурыз, - дейді.
Уақыт өте Наурыз мұсылман түркі елдерінің төл мерекесіне айналды. Бұл мейрамды қазақ халқы байырғы заманнан бері Ұлыстың ұлы күні деп атаған.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен байланысты негізгі ұғымның бірі. Ұлыстың ұлы күні деген сөз орамдағы Ұлы күн, жылдың басы күні дегенді білдіреді. Ең абзал, ең мәртебелі болып саналғандықтан қазақтар оны Ұлы күн деп атаған.
Күн мен түннің теңелуі – Наурыз мейрамындағы негізгі ұғым.
Ұзарған күннің көзі, түн қараңғысының қысқарып, орнын жарыққа беруі, жер бетінің жылып, көктің қаулап шығуы жасарудың, жаңғырудың белгісіндей көрінеді. Жер мұздың, қардың құрсауынан арылып бусанады. Жер дүниені елжірететін де, бусандыратын да тіке түскен күн сәулесі, Күннің қызуы өтіп бара жатқан шақта көк жүзін сары бауыр, қара барқын бұлт басып, найзағай ойнап, күн күркіреп жаңбыр төгеді. Сусаған, кеберсіген жер дүние шөлін басып, жер беті одан сайын түрленеді түседі.
Наурыздың түп негізі әуелде табиғатпен тығыз байланыс болып саналды яғни күн мен түннің теңелуі табиғи белгі ретінде алынды.
Көрісу – Ұлыстың ұлы күні атқарылар салттың бірі. Этикет бойынша жасы кішілер алдымен үлкен шаңыраққа барып, жасы үлкенмен көріседі. Үлкен адамның ұсынған қолын қос қолдап, төс қағыстырып амандасады. Әйелдер құшақ жайып амандасады.
Қазақ елінің батыс өлкесінде Маңғыстау, Атырау облыстарында бір үйдегі жандар Ұлыс күні таң ата ұйқыдан тұра салысымен бірін-бірі құшақтап, көрісетін болған. Алыстағы ағайын, жекжат-жұрағатымен наурыз айының ішінде я болмаса келісі Наурызға қалдырмай, «Көріспесең – жат, бармасаң – ұят» деп көрісуді қатаң ұстанған.
Наурызда ақсақалдар бата беріп, ізгі тілектерін айтады. Наурыз батасының мазмұны Ұлыстың ұлы күнімен байланысты болады. Ұлыстың күні ұлы кісіден бата алса, ол жыл олжалы жыл болар деп ырымдап, жасы кіші жасы үлкеннен бата тілейді:
Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Бәле-жала жерге енсін!
Күніміз ұлысты болсын!
Жеріміз ырысты болсын!
Әлем халқы Наурызды қалай тойлаған?
Мейрамды ежелгі гректар «патрих», бирмалықтар «су мейрамы», тәжіктер «гүл мейрамы», «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», буряттар «сагаан сара», соғдылықтар «наусарыз», армяндар «навасарди», чуваштар «норис ояхе» деп атаған.
Әбу Райхан Буруни, Омар Һайямның және тағы басқа еңбектерде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлайтыны туралы деректер бар.
Мысалы, парсы тілдес халықтар бұл мейрамды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндері әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды, жаңа өнген 7 дәнге қарап болашақты болжайды, 7 ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалак» ұсынады, ескі киімдерді тастайды, ескірген ыдыс аяқты сындырады, бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – «күн символын» салады, үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі, түрлі жарыстар (жамбы ату және тағы басқа) ұйымдастырады.
Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурызда даланы Қыдыр ата аралайды. Ол – құт-береке символы. Қыдыр атаның ақ құйған, дән толтырылған ыдысқа назары түссе, мал төлді болып, егін жақсы шығады деген түсінік қалаптасып, Қыдыр түні жеке ыдысты дәнмен, таза бұлақ суымен толтыру жоралғысының тоқшылық, молшылық көздесу идеясын аңғаруға болады.
Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады. Әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады.
Наурыз көже 22 наурызға қараған түні молшылықтың жоралғысы ретінде әрбір шаңырақта әзірленеді. Дәстүр бойынша наурыз көже қыста арнайы сақталған соғым еті, бидай, тары, арпа, дақылдары қосылады. Су, тұз да дәмге қосылады. Наурыз көже 7 дәмнен жасалады. Оның құрамы 7 түрлі дәмнен артық та болуы мүмкін. Бірақ дәм тек тақ сан түрінде болады. Өйткені, наурыз «береке, бірлік» идеясын білдіреді, тақ бөлінбейтін сан деп ұғылады.
Қап түбінде сақталған соғым еті қыстың дәмі деп ұғынылса, ең соңында наурыз көжеге қосылатын ағарған (айран, қатық, құрт) келер жаздың дәмін білдіреді.
Жасы үлкен ауыл, ел, әулет, әулет қарияларының кейбірінің аты Наурыз, Наурызбай болса, келіндер жағы эвфемизммен көпкөже, тілеукөже деп атайды.
Ұлыстың ұлы күні жасалатын игі істер
Әдетте осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан бойын аулақ ұстағаны жөн.
Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм тарттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап, қинағалғандарға жылу жинап берген.
Бұл күні алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылған. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру және тағы басқа) ойналған.
Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.
«Ескіліктің сарқыншағы»
Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңінде (1920-1925 жылдары) шығыс халықтары бұл мейрамды атап өткенімен, 1926 жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып, Наурызды тойлау тоқтатылды.
Алайда ол «репрессияға» ұшыраса да, халық оны ұмытқан жоқ. Тұтастай болмаса да, халықтың этномәдени санасында Наурыз мейрамы рекрацияланған мәтін түрінде сақталып келді. Себебі, елдік (мемлекеттік) идеологияда мейрамның өзіндік орны болғандықтан ол өміршең болды.
1988 жылы Наурыз Қазақстанда ресми түрде қайта тойлана бастады.
Пайдаланылған әдебиеттер