×

Мобилизация: Ресейден Қазақстанға келген этникалық қазақтар көбейген

Елімізде шеттен оралған қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне материалдық көмек пен жеңілдіктер беріледі

 Еркеғали Болатұлы 20.03.2023 | 16:17
фото: Болат Шайхинов

Былтыр Ресейде ішінара мобилизация жарияланған жарты жыл ішінде Қазақстанға оралған этникалық қазақтардың саны (15,9%) артқан. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Солардың бірі – 33 жастағы Жасдәурен Нұров Ресейде туып-өскен. Көрші елде мобилизация жарияланғаннан кейін тарихи отанына оралуды жөн көріпті. Айтуынша, Қазақстанға достарымен келген. Қазір Ақтөбеде тұрып жатыр.

21 қыркүйекте мобилизация туралы естіп, бірден кетуді ұйғардым. Шекарада 16 сағат тұрып, Батыс Қазақстан облысына жеттік. Автобусқа мініп, Ақтөбеге келдік. Алматыға да барып келдім. Бірақ туысым Ақтөбеде болған соң осында қалуды жөн көрдім. Бес күн ішінде «қандас» деген мәртебе алдым, – дейді ол.

Жасдәуреннің Ақтөбеге келгеніне 1 ай болған. Ол кофе әзірлейді. Оған қоса, жиһаз жинау ісін жүргізіп, Қазақстанның дамуына өз үлесімді қоссам дейді.

Ойымда жоспар көп. Құжатымды толық реттеген соң тұрақты түрде осында қалғым келеді. Ақтөбеде болмаса да әйтеуір Қазақстанның ішінде тұрсам деймін, – деп отыр Жасдәурен Нұров.

Елімізде шеттен оралған қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне материалдық көмек пен жеңілдіктер беріледі. Балаларын мектепке орналастырып, жұмысқа тұруына, жоғары оқу орындарына түсуге квота, медициналық қызмет алу және жалға берілетін тұрғын үй мен коммуналдық қызметтерге бір жыл бойы ақы төлеу көмектерін алуға мүмкіндік бар. Бастысы, мемлекеттік органдарға уақтылы жүгіну қажет.

ҚР заңына сәйкес, қандас мәртебесін алған азаматтар осы елде тұрақты тұруға рұқсат және азаматтығын алуға құжат тапсыра алады. Бұл 90 күн ішінде қаралады. Қандас мәртебесін растайтын құжат оның төлқұжаты секілді маңызды, – деді Ақтөбе облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының инспекторы Мира Бүркітова.

Айта кетсек, жыл басынан бері «қандас» мәртебесін алған этникалық қазақтардың 69%-ы – еңбекке қабілетті жаста. 20%-дан астамы – жоғары білімді, 40%-ы – арнаулы орта білімді болса, 35%-ның жалпы орта білімі бар. Тек 4 пайызға жуығының білімі жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама