Құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтату туралы сот шешімі шықты
Астанада «G-park» құрылыс компаниясының комфорт санаттағы «Dublin» тұрғын үй кешені заңсыз салынып жатқаны анықталды. Төрт бірдей заң бұзушылық анықталғаннан кейін құрылыс жұмыстары тоқтатылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Компания салып жатқан 12 қабатты «Dublin» ТК комфорт санатына жатады. Нысан Ш.Айтматов пен Ж.Молдағалиев көшелерінің қиылысында орналасқан.
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының жетекшісі Дархан Құлжамбековтың айтуынша, заңсыз құрылыс туралы жыл басында құрылыс саласында жұмыс істейтін азаматтар ақпарат берген.
«Біз заңсыз құрылыс фактісі бойынша өзіміздің қоғамдық тергеуімізді жүргізіп, тиісті мемлекеттік органға хат жолдадық. Астана қ. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасымен жүргізілген тексеріс нәтижелері бойынша, «Dublin» ТК объектісі бойынша, «G-park» компаниясына тиесілі «Story Group KZ» ЖШС-не қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 316 б. 1б (нысандарды және олардың кешендерін жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасынсыз не белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлмеген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша салу), 319 б. (заңсыз құрылыс) және 321 б. (техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, құрылысты техникалық және авторлық қадағалауларды қатар жүргізбей жүзеге асыру) әкімшілік құқық бұзушылық хаттамалары толтырылды. Сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жоюға нұсқама берілген», – деді ол.
Сондай-ақ филиал басшысы қазіргі күні құрылыс жұмыстары тоқтатылғанын атап өтті.
Наурыздың басында құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру және уәкілетті органның нұсқамасын орындауға мәжбүрлеу туралы сот шешімі шықты. Біз мұнымен тоқтамаймыз, керсінше заңсыз құрылыс фактілерін анықтау мақсатында мониторингті әрі қарай жалғастырамыз, – деп толықтырды ол.
«Әділдік жолы» РҚБ тұрғындардан заңсыз құрылыс фактілері туралы ақпарат болса, хабарлауын сұрайды. Заңсыз құрылыс фактілеріне тап болған қазақсандықтар қоғамдық ұйымның әлеуметтік желілердегі парақшалары мен месенджерлер арқылы ақпарат беруге болады.
Айта кетейік, «G-park» құрылыс компаниясының басшысы Ғабит Сәтмағамбетов VII шақырылымдағы Астана қаласы мәслихатының депутаты, сондай-ақ Amanat партиясының мүшесі.
Былтыр әлеуметтік желілерде Сәтмағамбетов пен көпбалалы аналар арасында болған жанжалдың видеосы жарияланды. Онда халық қалаулысы дөрекі сөйлеген көпбалалы аналарды балағаттағаны бейнеленді. Осы жанжалдан кейін депутат қайырымдылық жасауды тоқтататынын мәлімдеген болатын.