×

Экология басқармасының лауазымды адамдары жемқорлық үшін сотталды

Сотталғандар үшін айыппұлдың жалпы есебі 265 млн теңгеден асты

 Динара Амантай 20.03.2023 | 12:53
Фото: alashainasy.kz

Алматыда шенеунікке жемқорлығы үшін 100 млн теңгеге жуық айыппұл тағайындалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алматы қаласы Медеу ауданы №2 сотының мәліметінше, Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасы басшысы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы М. Жексембаев пара алғаны үшін сотталған.

Сотта анықталғандай, Экология және қоршаған орта басқармасының лауазымды тұлғасы М. Жексембаев «Реннесанс плюс» ЖШС-нің өкілі Ғ. Беркінбаевтан қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және сұрыптау үшін Алматы қаласының тұрғын үй кешендерінің аумағында жер учаскелерін бергені үшін 5 млн теңге шамасында ақша алған. Бұған қоса, оның «Компания Стройтекс» ЖШС-нің директоры А. Мапаевтан Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы әкімшілік ғимаратының ЖСҚ-ын әзірлеуге бұрын жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша жалпы қамқорлығы үшін делдал Б. Рахым арқылы 3 млн теңгеден аса пара алғаны дәлелденді.

Сот үкімімен М. Жексембаевқа ҚК-нің 366-бабы бойынша 96 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Сндай-ақ пара бергені үшін (ҚК-нің 367-бабы) «Экосервис-С» ЖШС-нің басшысы Ғ. Беркінбаев пен «Компания Стройтекс» ЖШС-нің басшысы А. Мапаевқа сәйкесінше 73 млн және 64 млн теңге көлемінде айыппұл салуға үкім шығарылды.

Ал парақорлыққа делдал болғаны үшін (ҚК-нің 368-бабы) «Eco Almaty» ЖШС-нің менеджері Б. Рахым 32 млн теңге мөлшерінде айыппұл төлейтін болды.

Сотталғандар үшін айыппұлдың жалпы есебі 265 млн теңгеден асты.

Аталған адамдар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

ҚР ҚК-нің 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Серіктес жаңалықтары

Сараптама