XVIII ғасырдағы архив құжаттарының көбі көрші елдің мұрағатында сақтаулы
«Ақтабан шұбырынды...» оқиғасының 300 жылдығына орай қазақ тарихы жаңа деректермен толықты. Астанада «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы кезіндегі қазақ қолбасшыларының біріне арналған «Алтай батыр және оның заманы» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Кітап авторы белгілі қазақстандық тарихшы Жәнібек Есмурзиннің айтуынша, сол дәуірдегі қазақ тарихына арналған тың және жаңа деректер жарияланған.
«Бұл «Ақтабан шұбырынды Алакөл сұлама» деп аталатын тарихтағы күрделі кезеңіне арналған еңбек. 5-6 жыл бойы жазылды. 18 ғасырдағы Қазақ хандығын зерттеумен айналысып келе жатырмын. Анықталғаннан анықталмаған тұстары, пікірталасқа түсетін көп нәрселер баршылық. Өйткені сол дәуірдегі көптеген тарих ғылымының негізгі жүгінетіні дерек, соның ішінде жазба дерегі. 18 ғасырдағы Ақтабан шұбырынды кезеңінде жазбалар соншалықты көп емес. Кітапта сол дәуірде өмір сүрген Алтай батырдың барынша қарастыруға тырыстық. Кез келген тарихи тұлғаны өз заманынан бөліп ала алмаймыз. Оның қалыптасуына сол кезеңдегі қоғамдық-саяси үдерістердің ықпал ететіні анық», – деді ол кітаптың таныстырылымында.
Сондай-ақ ол 18 ғасырда қазақ тарихында ең көп батырлар болған деп есептейді. Оны сол кезеңде жаугершіліктің көп болғанымен түсіндірді.
«Өйткені бұл – қазақ халқының басына үлкен қайғы-қасірет әкелген кезең. Жалпы, бізге дейін-ақ кеңес заманында қазақ тарихын зерттеген ғалымдар Тәукенің тұсында батырлардың тұтастай легі өмірге келгенін айтады. Ұлттық тарихымызда қазақ ұлтының қалыптасуына рулардың құрамына ықпал еткен көптеген батырлар 18 ғасырда шыққан», – деп қосты ол.
Тарихшы сонымен бірге қазақ батырлары туралы деректерді табу күрделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, 18 ғасырдың деректері бар архив құжаттары шашыраңқы күйде жатыр.
«Қазіргі күні зерттеушілерге қиындық тудыратын мәселенің бірі 18 ғасырдағы архив құжаттарының көпшілігі көрші елдің мұрағатында сақтаулы тұрғандығы. Егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардың ішінде мемлекеттің мұрындық болуымен көптеген бағдарламалар қабылданып, архив құжаттары әкелінді. Бірақ барлығы бірдей емес. Ресейдің Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахань, Омбы және т.б. қалаларының архивтерінде біздің тарихымызға қатысты алынбай жатқан құжаттар өте көп», – деп толықтырды автор.
Сонымен бірге қазақ тарихындағы проблеманың бірі деректану деп есептейді. Оны тарихшы Ресей мұрағатындағы деректердің барлығы толыққанды ғылыми айналымға енгізілмегенімен түсіндірді. Осыған байланысты тарихта болған оқиғалар мен шайқастардың деректерін қайта қарау қажет.
Жалпы Ақтабан шұбырынды кезеңіндегі көп проблемалық мәселелер бар. Мәселен, 1710 жылғы Қарақұм құрылтайы немесе 1726 жылғы Ордабасы құрылтайын алайық, соңғысының дәл сол жылы болғанына кәсіби тарихшылар күмәнмен қарайды. Өйткені деректер одан бұрын 1723 жылы болғандығын көрсетіп отыр. Деректер көне түркі шағатай немесе көне қазақ тілінде араб қарпімен түскен. Кітапты барынша обьективті түрде жазу үшін хаттарды мамандарға аударттық. Деректерді аударғанда кейбір сөздер мен адам аттары мүлдем басқа болып шықты. Ғалымдар көбіне түпұсқа хаттардың көне славян немесе орыс тіліндегі аудармасына иек артады. Түпнұсқасымен салыстырып қарамайды. Ал араб қарпінен түскен түпнұсқа хаттар тарихы басқаша көрсетіп жатыр, – деді Жәнібек Есмурзин.
Аталған кітапты жазу кезінде деректерді бірнеше жолмен тексерілгенін атап өтті.
«Біріншіден, архив құжаттары негізге алынды. Екіншіден, фольклорлық мұралар – ақын-жыраулардан жеткен жазбалар архив құжаттарымен салыстырылды. Үшіншіден, кейбір энциклопедияларда тарихи тұлғалардың туған жылдарының өзінен қате кетіп жатыр. Осыған байланысты Ақтөбе мен Атыртау облысындағы ұрпақтарының құлпытастарын салыстырдық. Осы еңбекті жазу барысында бұрын-соңды айналымға еңбеген біраз құжаттарды енгіздік», – деді ғалым.
Айта кетейік, «Алтай батыр және оның заманы» кітабында 18 ғасырда өмір сүрген Алтай батырдың өмір суреттеледі. Сондай-ақ туындыда 1710-1720 жылдардағы Қазақ құрылтайлары, «Ақтабан шұбырынды» туралы жаңа мәліметтер енгізілген. Бұған қоса 1711 жылы башқұрт, қазақ және қарақалпақ халқының Әбілқайыр сұлтанды хан сайлауы жөнінде деректер, қазақ-жоңғар, қазақ-қалмақ соғыстары жайында тың ақпараттар, алғаш рет 1731 жылғы Кіші және Орта жүз старшындарының Ресей империясына ант беру құжатының мәтіні толық жарияланды. Оқырмандар кітаптан Әйтеке бидің өміріне қатысты тың деректер мен Әбілқайыр хан, Абылай хан, Бөкенбай батыр, Есет батыр, Жәнібек тархан және т.б. белгілі тарихи тұлғалар жайындағы архив материалдарын таба алады.