×

Домбыра челленджіне миллионға жуық оқушы қатысты

Оқу-ағарту министрі оқушылармен бірге күй орындады

 Динара Амантай 18.03.2023 | 11:00
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Еліміздің жеті мың білім беру ұйымында бір мезгілде «Балбырауын», «Адай» және «Сарыарқа» күйлері орындалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, музыка, әсіресе домбыраның әуезді үні барлық ұлттарды жалпыадами құндылықтар – толеранттылық, төзімділік, бірлікке үндеп, бір арнаға тоғыстырады. Және өскелең ұрпақтың өз тарихы мен өнерін үйренуге деген ұмтылысы мен қызығушылығын оятады.

Домбыра — мәдениетіміздің негізгі символдарының бірі, ұлттық құндылығымыз. Біздің оқушыларымыз, балабақшаның кішкентай тәрбиеленушілері, колледж студенттері ұлттық аспапта ойнауға белсенділік танытқаны қуантады. Бүгін домбыраның шанағынан төгілген үн еліміздің әр өңірінде әуеледі. Оқушылар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени мұраны сақтап, одан әрі жалғастырады деп сенемін, — деді Ғани Бейсембаев.

Челлендж соңында Оқу-ағарту министрі елордадағы Дінмұхаммед Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің оқушыларымен бірге күй орындады. «Наурыз мейрамы» мерекелік эстафетасына миллионға жуық қазақстандық оқушы қатысты. Ең кішкентайлары – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы «Ақбота» балабақшасының тәрбиеленушілері.

Естеріңізге салсақ, биыл «Наурыз мейрамы» еліміздің барлық мектептерінде 10-17 наурыз аралығында аталып өтілді. Бұл күндері жалпы республикалық «Таза табиғат» акциясы, «Жасыл үй» челленджі, «Қайырымды ұлт», «Қолөнершілер жәрмеңкесі» қайырымдылық шарасы, ұлттық тағамдар фестивалі мен ұлттық ойындар мерекесі болды.

«Наурыз – ұлыстың ұлы күні» суреттер байқауы, «Отбасы – бақыт мекені» атты отбасылық жарыс ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде #Наурызмейрамы #Наурызкүйі хэштегімен флешмоб, челлендждер жүргізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама