×

Елімізде сайлау туралы заңнаманы бұзу деректері тіркелді

Бірнеше кандидатқа айыппұл салынды

 Динара Амантай 17.03.2023 | 13:28
Фото: gov.kz

Бас прокуратура Мәжіліс депутаттарының сайлауында сайлау туралы заңнаманың бұзылуына қатысты 23 деректі анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев сайлау науқаны кезінде болған заңбұзушылықтар туралы айтып берді. Олардың көбі тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізуге қатысты болған. Мұндай фактілердің 12-сі тіркелді. Олардың жартысын үміткер емес, заңды және жеке тұлғалар жасаған болса, қалған жартысын кандидаттар бұзған. Прокуратура оларды жауапқа тарту үшін ОСК-нің келісімін алды.

Сот үміткерлерге ӘҚБтК-нің 102-бабы бойынша айыппұл салғаннан кейін және сот актілері заңды күшіне енген соң, тиісті округтік сайлау комиссиялары олардың тіркеуінің күшін жойды.

Алматы қаласындағы тағы бір кандидат ӘҚБтК-нің 122-бабы бойынша жазаға тартылды. Ол сайлау алдындағы үгітті жүргізу шарттарын бұзып, азаматтарға тегін такси қызметін көрсеткен. Кінәсін мойындап, оның да тіркеуінің күші жойылды. Сондай-ақ үгіт жүргізу кезеңінде Қарағанды қаласының 2 тұрғыны ӘҚБтК-нің 114-бабы бойынша үгіт материалдарын жұлып, бүлдіргені үшін жауапқа тартылды, – деді Жандос Өмірәлиев.

Олар құқықбұзушылық жасағанын мойындаған соң, қысқартылған тәртіпте, яғни тиесілі ең жоғары айыппұл сомасының 50% (15 айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айыппұл төледі. Бұған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекспен рұқсат етілген.

3 факті сайлау бойынша (Астанада біреу және Алматыда екеу) қоғамдық пікірге заңсыз сауалнама жүргізумен байланысты. Заң бойынша оларды 5 жылдық тәжірибесі бар және ОСК-ны алдын ала хабардар еткен заңды тұлғалар ғана жүргізуге құқылы. Осы Заң талаптарын бұзған 2 жеке тұлға және 1 заңды тұлға әкімшілік жазаға тартылды. Олар сауалнамалардың барлығын әлеуметтік желілерде жүргізген.

Анонимдік үгіт материалдарын (дайындалған жері, таралымы, қандай қаражаттан төленгені туралы деректерінсіз) таратудың 5 фактісі анықталды. Олар бойынша 4 адам ӘҚБтК-нің 113-бабымен жауапқа тартылды. Үшеуі – Ақмола облысынан кандидаттың өкілдері, біреуі – БАҚ өкілі.

Осындай құқықбұзушылық үшін Түркістан облысынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың бірін жауапқа тарту үшін Орталық сайлау комиссиясының келісімі алынған.

Сонымен бірге прокурордың орынбасары мәслихаттарға депутаттардың кезектен тыс сайлауы кезінде прокурорлар 11 заң бұзушылықты анықтағанын жеткізді. Атап айтқанда, 6 азаматқа ӘҚБтК-нің 114-бабы бойынша мәслихат депутаттығына кандидаттардың үгіт материалдарын бүлдіргені үшін айыппұл салынды.

Алматыда Пәтер иелері кооперативінің төрағасы қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттардың біріне қызмет көрсетілетін үйлердің кіреберістерінде үгіт материалдарын орналастыруға рұқсат берген, ал екіншісіне тыйым салған. Осы арқылы ол аталған кандидатқа үгіт жұмысын жүргізуге кедергі келтіргені үшін ӘҚБтК-нің 103-бабы бойынша жазаға тартылды, – деді Өмірәлиев.

Сондай-ақ наурыздың басында Қарағанды облысының тұрғыны учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі бола тұра, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттың үгіт материалдарын таратқаны байқалған. Бұған заңмен тыйым салынған. Сондықтан, комиссия мүшесіне ӘҚБтК-нің 122-бабының 1-бөлігі («Сайлау алдындағы үгіт-насихат жүргізу шарттарын бұзу») бойынша айыппұл салынды.

Түркістан облысында қалалық мәслихат депутаттығына кандидат сайлау алдындағы үгіт жүргізу шарттарын бұзған. Ол құм-қиыршық тас қоспасын төсеу бойынша тегін қызмет көрсеткен. Сол үшін сот оған ӘҚБтК-нің 122-бабының 2-бөлігі бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды.

Солтүстік Қазақстан облысында тағы бір мәслихат депутаттығына кандидат анонимді үгіт материалдарын таратқаны үшін ӘҚБтК-нің 113-бабы бойынша тартылды (шығыс деректерінсіз, дайындау орны, таралымы, қандай қаражаттан төленді). Кандидат өз кінәсін мойындағанына байланысты, оған қысқартылған тәртіппен 12,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Атырау қаласында жергілікті газетте облыстық мәслихат депутаттығына 2 кандидаттың үгіт материалдары жарияланған. Бірақ, бұл БАҚ тиісті сайлау комиссиясына баспа алаңын беру мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді ұсынбаған, ол «ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағын бұзу болып табылады.

Құқық бұзушылықты мойындаған баспа басылымының меншік иесі қысқартылған өндіріс тәртібінде ӘҚБтК-нің 112-бабының 5-бөлігі бойынша айыппұлға (25 АЕК) тартылды.

Сөзінің соңында Бас прокурордың орынбасары сайлау процесінің барлық қатысушыларынан заңды қатаң сақтауды және бұзушылықтарға жол бермеуді сұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама