Halyq Uni логотип
×

Бекіре-2022: Биыл басты тас жолдарда стационарлық бекет қойылады

Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында акция басталды

 Айнұр Асылбекқызы 04.04.2022 | 10:50
Бекіре-2022: Биыл басты тас жолдарда стационарлық бекет қойылады
фото: Halyq Uni

Сәуірде Жайық-Каспий байссейнінің балық шаруашылығы су айдындарында «Бекіре-2022» балық қорғау акциясы басталды. Акция Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында 1 маусымға дейін жалғасады. Осыған орай, өңірлік коммуникация қызметінде брифинг өтті. Оған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов және Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК шекара қызметі 3-дивизионының командирінің міндетін атқарушы Ерболат Калишев арнайы келіп қатысты.

Бахияновтың айтуынша, биыл негізгі күш Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында, Атырау облысы аумағындағы Жайық және Қиғаш өзенінің су айдындарында жұмылдырылады.

Өйткені, бұл жерлерде браконьерлік фактілер жиі кездеседі, - дейді ведомство өкілі.

Акция мақсаты – бекіре тұқымдас және басқа да құнды балық түрлерінің уылдырық шашу жерлеріне жетуін қамтамасыз ету, браконьерлік фактілердің жолын кесу.

Екі айлық акция барысында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары құқық қорғау, табиғат қорғау органдарының және ҰҚК шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, табиғат заңнамасының сақталуын қадағалайды.

Биыл акция кезінде батыс өңірінің үш облысында аталған мекемелердің 1632 қызметкері жұмыс істейді. Соның ішінде Атырау облысында – 874, Батыс Қазақстан облысында - 248, Маңғыстауда -510 қызметкер. Олар 92 қайық және шағын жүзу құралдарымен, 285 автокөлікпен қамтамасыз етілген.

«Одан бөлек, Жайық жағалауында балық аулау заңнамасының бұзушылығын тіркейтін 19 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Шекраашылар радиолокациялық станциялардың үш жиынтығын пайдаланады. Акция кезінде бұрын жолдарда тек жылжымалы постар қойылса, биыл Атырау-Астрахан, Атырау-Орал тас жолдары секілді негізгі тас жолдарда стационарлық пост қойылады. Бұл тас жолдарда көліктерді тексеріп, құнды балықтардың заңсыз тасымалының жолын кесуге мүмкіндік береді. Өйткені, уылдырық шашу кезінде заң бұзушылықтар артады, - дейді Бахиянов.

Экология министрлігі өкілінің айтуынша, жылда балық қорғау саласындағы қылмыстық әрекеттердің саны азайғаны аса білінбей отыр.  

«Соңғы жылдары браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшыларға қатысты оқиғалардан кейін Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістердің ішінде балықты заңсыз аулау және тасымалдау бойынша баптар өзгертілді. Енді мемлекеттік балық қорғау инспекторларының құқыққорғау органдарымен бірдей дәрежеде тұр. Егер заңбұзуышылар инспекторларға бағынбаса, олардың жауапкершілігі артады. Кей жағдайларда қылмыстық жауапкершілік қаралады. Өзгерістерге сәйкес, қамауға алу мерзімі 3 жылдан 7 жылға, 7 жылдан 12 жылға дейін көтеріліп, бүгінде республика бойынша бас бостандығынан айыру фактілері тіркелді. Бұрын айыппұлын төлеп, бас бостандығы белгілі бір мерзімге шектеліп қана қоятын», - деді ол.

Былтыр акция кезінде табиғат қорғау заңнамасы бұзылған 1262 факті анықталды. Нәтижесінде 862 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, браконьерлік фактілері бойынша 56 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыларға жалпы сомасы 15 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Заңсыз айналымнан 35,7 тонна балық (оның 4 тонна 612 келісі бекіре), 908 балық аулау құралы, 23 автомобиль және 95 су көлігі тәркіленді. Өзен арнасы мен теңіз айдынын күн сайын сүзу нәтижесінде су қоймаларынан 3035 ау құралы шығарылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама