Halyq Uni логотип
×

Қырғызстанда облыстық газеттер жабылады

Басылымдарға жылына 105 млн сом (1,2 млн АҚШ доллары) жұмсалады

 Дастан Жұмабекұлы 16.03.2023 | 16:42
Қырғызстанда облыстық газеттер жабылады
фото: ашық дереккөз

Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі барлық мемлекеттік облыстық газеттерді жабуға шешім шығарды. Бұл туралы 24.kg хабарлады.

Министрлік тиісті құжатты қоғамдық талқылауға ұсынды. Енді осы мәселеге байланысты қырғыз елі 11 сәуірге дейін ойларын айтып, пікірлерін білдіруі керек.

Үкімет қаулысының жобасында елдегі барлық облыстық газеттер редакцияларында 228 адамның жұмыс істейтіні, оларды жыл бойы қаржыландыру үшін 105 млн сом (1,2 млн АҚШ доллары, –  ред.) жұмсалатыны айтылған.

Ведомствоның хабарлауынша, осы кезге дейін, яғни тәуелсіздік алған жылдан бері бірде-бір басылым өзін өзі ақтай алмады, газетті басып шығаруға сырттан қаражат таппады. Сол себепті бюджеттің қаражаты тиімсіз жұмсалып жатыр.

Қазір облыстық газеттер аптасына 1000-2000 таралыммен ғана шығады. Өңірлер тұрғындарын толық қамти алмайды. Соңғы жылдары басылымдарға деген сұраныс мүлде түсіп кеткен. Өйткені, халық ақпаратты мобильді телефондағы интернеттен, телевидение мен радиодан алғанды  қалайды.

Осының бәрі облыстық газеттер редакцияларын жабу жөнінде шешім қабылдауға негіз болды.

2018 жылы 34 аудандық, 12 облыстық газетті, сондай-ақ 6 облыстық телеарнаны қаржыландырып тұрды. Ал 2019 жылдың шілдесінде Қырғызстан билігі елдегі барлық аудандық газеттерді қаржыландыруды тоқтату туралы әңгімені бастады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама