Түркістан облысында құстарды қырған браконьерлер ұсталды
Олардан бірнеше қаз бен үйректің еті тәркіленді
Түркістан облысында браконьерлерден заңсыз ауланған 26 құс еті тәркіленді.
Заңсыз аң аулау және браконьерлікпен айналысатын адамдарды анықтауға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында Созақ ауданының жергілікті полицейлері табиғатты қорғау заңнамасын бұзған күдіктілерді анықтады.
Нақтырақ айтсақ, созақтық сақшылар Ақжар көлі маңында түнде Охотзоопром өкілдерімен аңшылық құрған екі азаматты құрықтады. Яғни, Ордабасы мен Төлеби ауданының екі тұрғыны заңсыз қаз және үйрек құстарын аулаған, – дейді полиция.
Тәртіп сақшылары айғақ зат ретінде браконьерлерден екі аңшы мылтығы, үрмелі қайық, 18 қаз, 8 үйрек етін тәркіледі. Күдіктілер өз сөзінде Созақ ауданына аңға шығу мақсатында келгендерін жеткізді. Алайда олардың аң атуға рұқсат қағаздары болмай шықты.
«Қазір құқық бұзушыларға қатысты қылмыстық кодекстің 337-бабы (заңсыз аңшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сақшылар күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр», – делінген ақпаратта.