×

Өзбекстан президентінің өкілеттігі 7 жылға дейін ұзартылады

30 сәуірде референдум болады

 Дастан Жұмабекұлы 16.03.2023 | 14:48
фото: ашық дереккөз

Өзбекстан Парламентінде ел Конституциясына өзгерістулер мен толықтырулар қаралып жатыр. Соның бірі Шавкат Мирзияевтің президенттікке үшінші рет сайлануына рұқсат береді.

«Өзбекстан Республикасының Конституциясы туралы» заң жобасында Өзбекстан президентінің өкілеттігін 5 жылдан 7 жылға дейін созу туралы мәселе қамтылған. Құжат жобасы Парламенттің «Халқ сўзи» газетінде жарияланды.

Қазір елдің Конституциясына сәйкес, президент 5 жыл сайланады. Оған тиісті түзетулер 2011 жылы желтоқсанда жасалған.

Ал Конституцияның жаңа нұсқасы елдің іс басындағы президенті Шавкат Мирзияевке қатарынан үш рет сайлануға мүмкіндік бергелі тұр. Бұрын президент орынтағына сайлану екі мерзіммен шектелетін.

Өзбекстан Парламентінің екі палатасы қабылдаған конституциялық заңның жобасы халыққа 15 наурызда жария етілді. Негізгі заңның жаңа редакциясына тағы 27 бап енгізілді. Сөйтіп, олардың жалпы саны 128-ден 155-ке жеткізілді. Мұның өзі Конституцияның 65 пайызы өзгергенін көрсетеді.

Өзбекстан Парламенті төменгі палатасының депутаттары 30 сәуірде Конституцияға енгізілген осы өзгертулер мен түзетулер бойынша референдум өткізуді белгіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама