Президент ЕАЭО-ға қатысты заңдарға қол қойды
Құжатта Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі қамтылған
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты екі заңға қол қойды.
Мемлекет басшысы «Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мен «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңға қол қойды.
Ақорданың мәліметіне қарағанда, бұл заң хаттама Ресей Федерациясының арнайы экономикалық аймақтарына, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импортталған тауарлары бойынша қосымша құн салығын төлеуді 180 күннен кейін орындауды көздейді.
Хаттама мемлекеттердің салық салу саласындағы өзара іс-қимыл қағидаттарын айқындайтын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 71-бабына және мүше мемлекеттерде жанама салықтарды өндіріп алу қағидаттарын айқындайтын 72-бабына сәйкес әзірленген.
Шарттың 72-бабының 1-тармағына сәйкес, тауарлардың өзара саудасында жанама салықтарды өндіріп алу, тауарлар экспорты кезінде қосылған құн салығының нөлдік ставкасын қолдануды және акциздерді төлеуден босатуды, сондай-ақ импорт кезінде жанама салықтар салуды көздейтін межелі елдің қағидаты бойынша іске асырылады.
Жанама салықтарды өндіріп алу тәртібі және олардың төленуін бақылау тетігі Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттағы №18 қосымшада айқындалған.