Мейрам қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтары үшін бірнеше іс-шара ұйымдастырылады
18 және 19 наурызда Алматыдағы Sadu Hotel Almaty қонақүйінде Ethno Pop-Up Store өтеді. Бұл жобаның мақсаты – Наурыз мейрамын көпшілікке мәшһүрлеу және этно тауар өндіретін брендтерді қолдау.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ethno Pop-Up Store-ді жыл сайын өткізу жоспарланған. Жоба алғаш рет 2022 жылы таныстырылды. Бұл жолы Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін 50 брендтің қатысуымен жәрмеңке, этно концерт пен мастер-класс ұйымдастырылады. Сондай-ақ Ulys мейрамханасы дәм ұсынады.
«Жәрмеңкеге қатысуға Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның этно-шеберлерін шақырдық. Басты талап бойынша қолөнершілер қазақстандықтар күнделікті қолданатын тауарды жасауы қажет. Ethno Pop-Up Store қонақтары 50 шебердің өнімдерін сатып ала алады. Сондай-ақ қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлайтын этно концерт, мастер-кластар ұйымдастырылады. Сондай-ақ этнографтар дәріс оқиды», - деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Бұл іс-шараны «Sen Music voice Studio» шығармашылық алаңы, Sadu Hotel Almaty қонақүйі және кәсіпкер, әнші Динара Сұлтан ұйымдастырып жатыр.
Шеберлер жәрмеңкеге өздерінің бірегей тауарларын әкеледі. Жәрмеңкеде этно өрнектері бар тоқыма бұйымдары, былғары, киізден жасалған бұйымдар ұсынылады. Сондай-ақ ұлттық стильдегі сырға, сақина, білезік сатып алуға болады.
Кіру тегін, ал мастер-класқа қатысу – ақылы. Ол үшін азамат алдын ала +77076109996 нөміріне хабарласып, жазыла алады.
Сондай-ақ фестиваль аясында The Magic of Nomads тобының және Динара Сұлтанның, сондай-ақ Нұрғиса Тілендиев атындағы Otyrar Sazy фольклорлық оркестрінің этно концерті өтеді.
Жоба авторлары іс-шараның мақсаты туралы да айтып берді.
«Еліміздің мәдени кодын сақтау қазақ халқының тарихын, мәдениетін, философиясын, этикасын Қазақстан халқына насихаттаумен байланысты. Сондықтан Ethno Pop-up Store-ді құру жас ұрпаққа этникалық мәдениетімізді сіңіруге бағытталған. Біздің негізгі мақсат – жастарға этно мәдениеттің көп қырлы екенін көрсету. Сондықтан фестивальді жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Себебі бұл жаңадан шыққан бренд, музыкант мен қолөнершілер үшін жаңа аудиторияны өз шығармашылығымен таныстырудың тамаша мүмкіндігі», – деді «Sen music voice Studio» шығармашылық алаңының өкілдері.
Толық ақпарат ұйымдастырушылардың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған.