×

Исламбек Салжанов Мажарстан ұлттық спорт федерациясының басшысымен кездесті

Мажарстанның дәстүрлі спорт федерациясы меморандум жасауды ұсынды

 Халық үні 15.03.2023 | 14:16
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Қазақстанның Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов Мажарстан елінің ұлттық спорт федерациясының басшысы Андраш Биромен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Кездесу Астана қаласында өтті. Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастық орнату, ұлттық спортты дамыту және дәріптеуге бағытталған ортақ жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Мажарстан елінің дәстүрлі спорт федерациясы тарапынан мамырдың соңына қарай меморандум жасау ұсынылды. Сонымен қатар биыл Мажарстанда өтетін «Бабалар ізімен» халықаралық шарасына Қазақстан тарапы ресми шақыру алды.

Одан бөлек, Қазақстанның Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов келесі жылы елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысы туралы хабарлады. Мажарстан елінен делегацияны Андраш Биро бастап келетін болады.  

Айта кетейік, Андраш Биро – Мажар-Тұран қорының президенті, Мажарстанның көкпар және ұлттық спорт федерациясының төрағасы, антрополог ғалым.

Мажар-Тұран қоры 2 жыл сайын түркі тілдес халықтардың құрылтайын ұйымдастырады. Оған 14 түркі тілдес мемлекеттердің өкілдері мен түркі ұйымдарының (Түріксой, ТүрікПА, Түрік академиясы) бас хатшылары қатысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама