Елімізде есірткі сатумен айналысқан 604 сайт жабылды
«Киберқадағалау» жүйесі интернет ресурсты онлайн түрде бұғаттайды
Биыл елімізде 604 есірткі сайты жабылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты.
Есірткі бизнесі де толығымен кибер салаға ауысты. «Телеграмм-боттар немесе басқа да интернет ресурстар арқылы сату кеңінен тарап жатыр. Мысалы, биыл тіркелген әрбір жетінші есірткі қылмысы интернет арқылы сатылған. Әрине, біз мұндай бүркеншік интернет-дүкендерді жауып жатырмыз. Биыл 604 есірткі сайтын жаптық, – деді ол.
Оның айтуынша, интернет сайттар жаппай жабылғанмен мәселе түбегейлі шешілмейді. Сондықтан қылмыстың осы жолын біржолата болдырмау үшін министрлік «Аргус», «Айрис», «Тритон» сияқты заманауи аппараттық-бағдарламалық жабдықтар сатып алуды мақсат етіп отыр. Бұл жабдықтар әлеуметтік желілер немесе сайттар арқылы есірткінің таралуын анықтауды автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «Киберқадағалау» жүйесі мұндай сайттар ашылса, оларды онлайн түрде бұғаттайды. Яғни, жасанды интеллект өзі анықтап, дереу тосқауыл қояды. Сонымен қатар, сайтты ұйымдастыратын және оны пайдаланатын адамдарды анықтауға мүмкіндік болады.