ЖОО-ға түскендер мен жүргізуші куәлігін алғандардың есірткі қолданатындығы тексерілуі мүмкін
Қазақстандықтар университетке түскенде, жүргізуші куәлігін алғанда олардың есірткі қолданатындығы тексеріледі. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұл – ұсыныс. Жоғары оқу орнына түскенде, мемлекеттік қызметке тұрғанда, жүргізуші куәлігін алғанда (қазақстандықтар скринингтен өтеді – авт.) олардың биоматериалдары зерттеледі..., - деді министр.
Марат Ахметжановтың пікірінше, бұл азаматтардың қауіпсізідігі үшін маңызды.
«Бүгінде синтетикалық есірткі таралып жатыр, оларды алу оңай. Бір дозасы – 10 мың теңге. Олар (есірткі сатушылар – авт.) интернет арқылы есірткінің қайда екенін жібереді. Сараптама көрсеткендей, есірткіні тұтыну ерте анықталса, олардың 95%-ы қалыпты жағдайға оралуы мүмкін. Үшінші кезеңде тек 15%-ы (нашақор – автор) қалыпты жағдайға оралуы ықтимал», - деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, қазір мектеп оқушылары арасында да есірткі тарап жатыр.
«Біз мұны жасырмаймыз. Бүгінде нақты есеп жоқ. Мен биоматериалдардың скринингін өткізуді ұсынып отырмын. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы. Біз мұны қолдадық. Енді жоғары оқу орнына түскенде, мемлекеттік және әскери қызметке орналасқанда, жұмысқа тұрғанда (қазақстандықтар скрингтен өтеді – авт.). Біз қоғам мен балаларымыздың қауіпсіздігін сақтау маңызды екенін түсінуіміз керек... (Қазақстандықтар тексерістен өтіп, есірткіні тұтынатыны анықталса – авт.) Биоматериалдардан есірткі анықталса, (адамдар) әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Тиісті ақпарат олардың ата-анасына жіберіледі», - деді Марат Ахметжанов.