Қазақстанға әкелінген «конструктор» көліктер заңдастырылады – ІІМ
Бірақ ол көліктерді кейін басқа біреуге сата алмайды
Қазақстанға бөлшектеліп әкелінген және құрастырылған автомбильдер заңдастырылады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Біз конструктор көліктерді заңдастырамыз. Тек рулі оң жақта орналасқан көліктер бойынша 2014 жылы «Жол ережесі туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Ол жерде Қазақстанда ондай автокөліктерді жүргізуге тыйым салынды. Президенттің тапсырмасы болған соң, оны заңдастырып береміз. Бірақ оны кейін басқа біреуге сатуға тыйым салынады», - деді Марат Ахметжанов Үкімет отырысынан соң.
Ішкі істер министрі «конструктор» көліктерді заңдастыру бойынша ведомствоға 1,5 мың өтініш түскенін атап өтті.
Олар техникалық сертификаттаудан өтеді. Егер қауіпсіз болса, заңдастырамыз, - деді вдеомство басшысы.
Айта кетейік, 23 қаңтардан бастап Қазақстанда шетелдік көліктерді заңдастыру басталды.
2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін қазақстандықтар елге әкелген шетелдік жеңіл көліктерді, шағын және орта көлемді автобустарды, шағын жүк көліктерін, басқару жабдықтары оң жақта орналасқан көліктерді заңдастыра алады.