Қарағандыда құрал-жабдық ұрлаған блогер полицейлерге қарсыласқан

Еркеғали Болатұлы

Белгісіз біреулер дәлелдемелерді алуға кедергі келтірмек болып, эвакуатордың доңғалақтарын тесіп кеткен

фото: дереккөз

Қарағандының 33 жастағы тұрғыны жергілікті кәсіпорынның 4 электр қозғалтқышын ұрлады деген күдікке ілікті. Бұл туралы ekaraganda.kz хабарлады.

Басылым мәліметінше, 12 наурызда қарақшылар қаладағы кәсіпорын қоймасының құлпын бұзып, 4 электр қозғалтқышы мен клапанның беріліс қорабын ұрлап кеткен. Одан кейін қылмыс орнынан «ГАЗель» көлігімен кетіп қалған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері Қарағандыдағы жеке үйдің ауласында тұрған «ГАЗель» көлігін көріп, тінту жүргізбек болған. 33 жастағы үй иесі өзін блогер ретінде таныстырып, ішкі істер органдары өкілдерінің іс-әрекетіне кедергі келтірді. Полицейлер «ГАЗель» автокөлігін алып, оны полицияға заттай дәлел ретінде жеткізу үшін эвакуаторды шақырды, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Тасымалдау кезінде белгісіз біреулер дәлелдемелерді алуға кедергі келтірмек болып, эвакуатордың доңғалақтарын тесіп кеткен. Полиция қылмыскерлерді анықтауға тырысып жатқанын айтты. Сонымен қатар, қалған заттай айғақтар тәркіленді.