Елімізде сотталған әйелдер жазасын өтейтін 6 мекеме бар
Қазақстанда сотталған 1 700-ден аса әйел жазасын түрмеде өтеп жатыр. Бұл туралы ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Halyq Uni ресми сауалында берген жауабында мәлімдеді.
Ел бойынша 1 747 сотталған әйел қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатыр, - делінген ақпаратта.
Ел бойынша сотталған әйелдер жазасын өтейтін 6 мекеме бар.
Олар Алматы облысы Іле ауданындағы Жауғашты ауылында (560 әйел), Атырау қаласында (163 әйел), Абай облысы Жарма ауданындағы Жанғызтөбе ауылында (157 әйел), Қарағанды облысының Абай ауданында (437 әйел) және Шымкент қаласы (209 әйел), Петропавл қаласында (221 әйел) орналасқан.
Сондай-ақ 2022 жылы жазасын өтеу мекемелеріне 446 әйел түсті.
Halyq Uni қазақстандық әйелдердің арасында ең ұзақ уақытқа сотталған қанша адам бар екенін де сұрады. Ресми ақпарат бойынша, қазір жазасын өтеп жатқан 9 әйел 15 жылдан көп жылға сотталған.
Қазақстанда баласымен бірге түрмеде отырған әйелдер де бар. Мұндай түрме Алматы облысы Іле ауданы Жауғашты ауылында орналасқан. Дәл қазір сол жерде 32 әйел баласымен бірге отыр.
Айта кетейік, бұл мекемеде бала 3 жасқа толғанша қала алады. Содан кейін бала жақын туыстарына немесе балалар үйіне жіберіледі.
Сенатта «Қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгез әрекеттердің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, жаңа норма бойынша әйелдің түрмеден босап шығуына бір жыл уақыт қалса, баласы да тағы бір жыл (4 жасқа толғанша) жанында қалады.