×

69 мың теңге: ақтөбелік әйел бұрынғы күйеуіне айыппұл салдырды

Сондай-ақ одан моральдық өтемақы ретінде 1 млн теңге талап еткен

 Еркеғали Болатұлы 12.03.2023 | 15:15
фото: ашық дереккөз

Ақтөбе облысының Қоба ауданындағы ауыл тұрғыны бұрынғы күйеуінің балағат сөздер жазып қорлағанын айтып, сотқа жүгінген. Сот ер адамға айыппұл салып қана қоймай, әйелге өтемақы төлеуді міндеттеді, деп хабарлады «Диапазон».

Әйелдің айтуынша, бұрынғы күйеуі қорлап, қорқыту сарынындағы смс-хаттарды кейін оның кіші сіңлісіне де жібере бастаған.

Жапа шеккен әйел сотқа жүгініп, ер адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуды, сондай-ақ моральдық өтемақы ретінде 1 миллион теңге төлеуді талап еткен.

Алайда сот алдына келген ер адам өз кінәсін мойындамаған. Айтуынша, ол абақтыда отырған кезде ұялы телефоны бұрынғы әйелінде қалған. Осыны пайдаланып, ол өз-өзіне намысқа тиетін сөздер жазған көрінеді. Сонымен қатар, ол бұрынғы әйелін өзі абақтыда отырғанда ерлі-зайыпты болып тұрған кездегі жинаған мүліктерін сатып, одан түскен қаржыны ішімдікке жұмсап жіберді деп айыптаған. Сондықтан ол ақша таусылғанда, тағы да талап ете бастаған.

Басылымның хабарлауынша, екі жақтың да пікірін тыңдаған сот бәрібір ер адамды кінәлі деп тапқан. Яғни, ол шын мәнінде бұрынғы әйеліне намысына тиетін сөздер жазып, қорлады деп танылған. Осылайша, сот ер адамға 69 мың теңге айыппұл салып, сондай-ақ бұрынғы әйеліне моральдық өтемақы ретінде 50 мың теңге төлеуді міндеттеген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама