Қазақстанның үш облысына тиесілі ауылдарда карантин жарияланды
Бірқатар ауылдағы ұсақ малдан қарасан ауруы анықталды
Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында Аққайнар, Шыңғыстай және Жаңа Үлгі ауылдарында ұсақ малдан қарасан ауруы анықталды. Салдарынан елді мекендерде карантин жарияланды, деп хабарлайды Eldala.kz.
Карантин Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бақты ауылдық округіндегі «Бопы» қыстауы аумағында да жарияланды. Бұл жерде ірі қара мал арасында эмфизематозды карбункул өршіген. Бұл індетке шалдыққан ірі қара аяқтары ақсап жүре алмай, ісініп, бірден өліп кетеді.
Сондай-ақ Қостанай облысы Ұзынкөл ауданындағы Сатай ауылының аумағында ірі қара мал бруцеллезінің пайда болуына байланысты шектеу шаралары енгізіледі.
Биыл Қазақстанның ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін сақтау үшін ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарда кездесетін аурулардың 23 түріне қарсы вакциналардың шамамен 172 млн дозасы қамтамасыз етіледі.
Ауыл шаруашылығы жануарларын көктемде вакциналауға 66 млн доза препарат бөлінген.