×

БҚО-да 10 елді мекенді су басуы мүмкін

Өңірде құрылған жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп жатыр

 Динара Амантай 11.03.2023 | 13:33
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының 2 елді мекені және Бәйтерек ауданындағы 8 елді мекен ықтимал су басу аймағында тұр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазгидромет» РМК мәліметтері бойынша, Тасқала ауданының Тасқала ауылындағы «Дерқұл-Тасқала» гидробекетінде 11 наурыз күні таңертең Дерқұл өзеніндегі су деңгейі 544 см құрады. Тек бір тәулік ішінде судың деңгейі 158 см-ге көтерілді. Шежін-2 ауылында Шежін-2 өзеніндегі су деңгейі 799 см құрайды.

ТЖМ-нің хабарлауынша, Тасқала ауданының 2 елді мекені және Бәйтерек ауданындағы 8 елді мекен ықтимал су басу аймағында тұр. Жергілікті жерлерде әкімдіктер мен ТЖД қатарынан кезекшілік ұйымдастырылды. Тұрақты негізде су айдындарына мониторинг жүргізіліп жатыр.

Облыс әкімінің орынбасары Е.Т. Балтаевтың басшылығымен облыстық ТЖ жөніндегі комиссияның шұғыл отырысы өткізілді. Жағдай күрделенген кезге ТЖД құтқару бөлімшелері мен техникасы Тасқала ауданының Тасқала кентіне және Бәйтерек ауданының Зеленое кентіне (Шежін-2 кентінің жанында) жеткізіліп, халықты хабардар ету жүзеге асырылды.

Сондай-ақ Тасқала ауданы мен Бәйтерек ауданының аумағын Қазавиақұтқару тікұшағымен әуеден барлау жүргізу жоспарланып отыр.

Ауа температурасы күндіз 2- ден 8 градусқа дейін жылы, түнде 0-ден 5-ке дейін аяз. Дерқұл өзеніндегі мұздың қалыңдығы 90 см. Топырақтың қатуы 115 см құрайды, қар тез еріген жағдайда қар суының жерге сіңіп үлгермеу қаупі бар.

Сонымен бірге бүгін таңертеңгі жағдай бойынша әртүрлі нысандардың жертөлелерін су басудың 10 фактісі тіркелді. Орал қаласының жеке үйлерінің үй маңындағы аумақтарын су басудың 13 фактісі бар. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ, малдар қауіпсіз аймаққа айдалды.

Өңірде 28 ақпаннан бастап БҚО ТЖД базасында су тасқынына қарсы облыстық жедел штаб құрылып, 9 наурыздан бастап штаб тәулік бойы жұмыс режиміне ауыстырылды.

Жергілікті атқарушы органдардың күшімен тәулігіне 6573 текше метр, ал жалпы 315015 текше метр қар шығарылды.

Авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізуге 1142 адам, 362 техника, 138 мотопомпа,178 су айдау техникасы жұмылдырылды. Бұған қоса 5517 әскери бөлімінің күшімен тұрғын үйлердің еріген қар суы басу қаупін болдырмау үшін құм салынған 25 қап төселіп, 1500 қап дайындалды.

Төтенше жағдайлардың туындауын болдырмау және алдын алу шараларын жүргізу, сондай-ақ су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік бойынша білімді насихаттау мақсатында халық арасында жадынамаларды тарату бойынша жұмыс ұйымдастырылды. Тәулігіне 7649 ақпараттық жадынама таратылды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама