Түркістан облысында заңсыз аңшылыққа қатысты 100-ден аса дерек тіркелді
Сондай-ақ 10 құқық бұзушыға әкімшілік хаттама толтырылды
Түркістан облысының полицейлері заңсыз аңшылыққа қатысты 100-ден астам құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Түркістан облысы аумағында браконьерлікті анықтау және жолын кесу, заңсыз аң аулау мен балық аулау жайттарына қарсы 24 ақпан мен 13 наурыз күндері аралығында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау тобының қызметкерлерінен арнайы мобильді топтар құрылып, өзендер, су айдындары және басқа да жағалауларда кешенді рейдтік іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Тәртіп сақшылары атқарған жұмыс нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 101 дерегі анықталды. Оның ішінде жануарлар дүниесін пайдалану талаптары мен аң аулау ережелерін бұзудың 47 жайты мен балық аулау бойынша 43 дерек анықталды. Сондай-ақ 10 құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Полицейлер браконьерлерден барлығы 18 келі балық, резеңке қайық, балық аулауға арналған 8 шанышқы мен балық аулау торларын тәркіледі.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарды табиғатты қорғауға шақырады. Сондай-ақ табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.