×

Қауіптің алдын алмаған: Павлодар облысында көпбалалы ананың үйін су басты

Павлодар ауданы тиісті ведомство бекіткен су басу қаупі бар аймақтар тізіміне енбеген

 Данияр Айтпайұлы 01.04.2022 | 13:13
скриншот: видео

Павлодар облысына қарасты Павлодар және Ақтоғай аудандарында тұрғын үйлер еріген қар суының астында қалып отыр.

Павлодар ауданының Рождественка ауылында 30 аула мен 1 тұрғын үйді су басып кетті. Тағы 5 үйді су астында қалуы мүмкін.  қауіп төніп тұр. Осының салдарынан үйін су басқан көпбалалы отбасы баспанасыз қалды. Олар уақытша туыстарының үйіне көшірілген. Тағы 30 үйдің ауласы, қора-қопсысы белуардан су астында тұр.

Рождественка ауылы су басу ықтималдығы жоғары елді мекендердің санатына енгізілмеген. Қауіптің алдын алмады.

Павлодар облысының төтенше жағдайлар қызметі спутник арқылы барлап, еріген қар суы Баянауыл, Ақтоғай, Май аудандарында 40-қа жуық ауылға қауіп төндіріп тұрғанын анықтағанын айтқан еді. Неге екені белгісіз, ол тізімде Павлодар ауданы жоқ. Ал жоғарыда аталған жағдайды құзырлы орган әлеуметтік желіден оқып білген.

Рождественка ауылдық округінің әкімі Рашид Галеевтің айтуынша, су ауыл ішін лезде басып қалған. Жалпы, мұнда биыл су деңгейі жарты метрге дейін көтеріліпті. Атқарушы билік пен төтенше жағдай қызметі сонда да бейқам отырған сыңайлы. Ал жергілікті тұрғындар Рождественка ауылы алдыңғы жылдары да су астында қалғанын айтуда.

Қазіргі уақытта облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жанынан жедел штаб құрылып, Рождественка ауылында аулалардағы судан тазартуға кірісті. Өкінішке қарай, мұнда тағы 5 үйге су басу қаупі төніп тұр. Онда барлығы 22 адам тұрады.

Сондай-ақ, Ақтоғай ауданына қарасты Балтасап ауылының тұрғындары да дабыл қағуда. Еріген қар суы тұрғындардың үйіне дейін жеткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама