×

Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесі әзірленді

Заң жобасы бойынша қалаларда жер телімі цифрлық форматта беріледі

 Халық үні 10.03.2023 | 16:02
Фото: ашық дереккөз

Сенатта жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселесі бойынша заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, заң жобасы мемлекет басшысының жер қоры мен жылжымайтын мүлік объектілері туралы ақпаратқа, халық пен бизнестің ашық және толық қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.

Жер қатынастары саласындағы қызметті көрсету барысында жер, құқықтық, қала құрылысы кадастрлары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйесі қолданылады.

Алайда ақпараттың жинақсыз болуы және ақпараттық жүйелер арасында байланыстың болмауы күтілген нәтижені бермеді. Ақпараттың толық және ашық болмауы азаматтарға жергілікті әкімдіктер тарапынан түрлі себеппен бас тартуға мүмкіндік беріп отыр, - деді Әсет Тұрысов.

Осыған орай халықтың барлық тобына бос және рәсімделген жер учаскелері, жылжымайтын мүлік объектілері, инфрақұрылым туралы ақпаратқа қолжетімділік беру мақсатында жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесі әзірленді.

Аталған бірыңғай кадастрдың ашық ресурсы болып табылатын жария кадастрлық картада жер учаскелері, Бас жоспарлар, елдімекендерді орналастыру жоспарлары, инженерлік коммуникациялар, жылжымайтын мүлік объектілері және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзге де мәліметтері қолжетімді болады.

Бірыңғай кадастрды енгізу жер қатынастары саласындағы рәсімдерді жетілдіруге, оңтайландыруға және оларды цифрлық форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді, - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі.

Жер учаскесіне құқық берудің электронды тәртібін енгізу үшін бірқатар заңнамалық түзету енгізу қажет болған. Жаңа тәртіп бойынша әкімдікке бармай-ақ, бірыңғай жария картасын пайдаланып, электронды үкімет порталы арқылы жергілікті атқарушы органға өтініш бере алады.

Жаңа тәртіпке сәйкес, біріншіден, жер учаскесін алуға мүдделі тұлға электронды өтінішке қоса берілетін жария картада сұралып отырған жер учаскесінің сызбасын қалыптастырады. Жария картада жер учаскесінің шекарасын қалыптастыру кезінде бұрын рәсімделген учаскелерге қабаттасуға мүмкіндік бермейтін форматты-логистикалық бақылау функционалы іске қосылады.

Екіншіден, қол қойылған өтініш электронды үкімет порталы арқылы жергілікті атқарушы органның ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Ал өтініш берушінің жеке кабинетіне сұралып отырған жер учаскесін бөліп беру схемасын, келісудің болжалды күні туралы хабарлама жолданады.

Үшіншіден, өтінішті алғаннан кейін сәулет органдары бас жоспарға және орналастыру жобаларына сәйкес нысаналы мақсаты бойынша жер учаскесін беру мүмкіндігін айқындайды. Сондай-ақ сұралып отырған жер телімін бөлу схемасын дайындайды.

Бұл схема барлық мүдделі мемлекеттік мен ұйымдардың келісуіне жіберіледі. Табиғи монополия субъектілері инженерлік желілерге қосылудың техникалық шарттарын қосымша ұсынады. Жер учаскесін беру мүмкін болмаған немесе келісім беруші органдардың теріс қорытындысы болған жағдайда өтініш берушіге әкімдіктің шешімін шығармай-ақ, сәулет органдарының қорытындысы түрінде дәлелді бас тарту жолданады.

Айта кетейік, өтініштің қаралу барысы жария картада түрлі-түсті болып көрсетіледі және өтініш берушіге цифрлық қадағалау мүмкіндігі беріледі.

Бұл қалаларда жаңадан берілетін жер теліміне қолданылады. Ел бойынша 89 қала бар. Оның ішінде үш қаланың республикалық маңызы бар, 37 қаланың облыстық маңызы бар, 49 аудандық маңызы бар қала бар.

Заң жобасы барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына бірыңғай қала құрылысы сараптамасын енгізу, сондай-ақ құрылыс саласындағы жүйелерді қолдану тәртібін регламенттейтін нормаларды қамтиды. Атап айтқанда, жергілікті және уәкілетті органның қала құрылысы сараптамасын жүргізу жөніндегі функцияларын «Мемсараптама» республикалық коммуналдық кәсіпорнына беру көзделген.

Сондай-ақ бұзушылық анықталған жағдайда қала жобасын әзірлеген ұйымның, оған оң қорытынды берген сарапшылар мен мемлекеттік сараптама ұйымының жауапкершілігі көзделеді.

Түзетулер қала құрылысын сапалы жоспарлауды, халық пен бизнес үшін елдімекендерді дамыту жоспарларының ашықтығын қамтамасыз етеді. Қала құрылысы кадрастры жүйесін үздіксіз өзектендіруді қамтамасыз етуге бағытталған нормалар көзделеді, - деді вице-министр.

Бұл инженерлік желілер мен құрылыстар туралы өзекті ақпарат алуды, жоспарлау кезінде бюджет қаражатын үнемдеуді, сондай-ақ жобалауға қажетті бастапқы материалдар мен құжаттарды жедел алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Заң жобасы азаматтардың мемлекеттік орган және ұйымдармен өзара іс-қимыл тұжырымдамасын өзгертеді. Барлық ақпараттық жүйені интеграциялау есебінен өтінішті қарау барысында цифрлық бақылауды қамтамасыз етеді және мемлекеттік органдардың негізсіз бас тартуының жолын кеседі.

ЗАҢ ЖОБАСЫНЫҢ МАҚСАТЫ ҚАНДАЙ?

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, заң жобасының мақсаты – жер қоры мен жылжымайтын мүлік объектілері туралы ақпаратқа халық пен бизнестің толық қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Сондай-ақ республиканың барлық аумағын ашық цифрлық картамен қамтамасыз ету, жер телімін игеру және оны бақылау барысына цифрлық мониторинг жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды көздейді.

Сонымен қатар түрлі жүйедегі ақпаратты орталықтандыруға бағытталған.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ЖЕРЛЕРГЕ БҰЛ ТӘРТІП ҚАШАН ЕНГІЗІЛЕДІ?

Жер телімін берудің электронды тәртібін енгізу тек қана қала аумағында жоспарланған. Ал бұл тәртіпті басқа да әкімшілік бөліністерде кезең-кезеңімен қолдану жоспарланып отыр.

«Қазір ауыл шаруашылығы министрлігі мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қосылып, бір өңірле пилоттық режимде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге конкурс өткізудің электронды тәртібін енгізуді пысықтап жатыр», - деді вице-министр.

«ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

2019 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізу қажет екенін айтты. Жолдауда президент тұжырымдамаға сәйкес азаматтардың барлық өтінішіне жедел әрі тиімді түрде жауап алуға тиіс екенін айтып өттін. Бұл тұжырымдаманың мақсаты – халық пен билік арасында диалог орнату.

Соған сай «Электронды үкімет» порталы қарқынды жұмыс істеп жатыр. мысалы, порталдағы «Электрондық өтініштер» сервисі арқылы 2022 жылы мемлекеттік органдарға 176 мыңнан астам өтініш берілген. Азаматтар 24 330 Бас прокуратураға, 2 146 рет Жоғарғы сотқа және 10 315 рет полиция департаментіне өтініш жазған.

2022 жылы азаматтар жиі жүгінген қызмет арасында соттылығының бар-жоғын растайтын құжат, 10 соттық жер алуға өтініш беру, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражат сомасы, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту және тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметтері бар.

Сондай-ақ 2022 жылы бірқатар қызмет онлайн форматқа ауысты. Оның ішінде 10 соттық жер алуға өтініш беру, азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат беру, жұмысқа жарамсыз болған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау және қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын енгізу қызметі бар.

Бұл қатарда вакцинация туралы ақпарат және адамның сыбайлас жемқорлық әрекет жасағаны туралы мәлімет беру қызметі де қосылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама