×

Көлік, байланыс, тамақтану саласында тұтынушылар шағымы үш есе өсті

Тұтынушыларға екі айда 786 млн теңгесі қайтарылған

 Ербол Тұрымбет 10.03.2023 | 11:26
коллаж: Halyq Uni

Дүкенде сөреде көрсетілген баға кассаға барғанда одан жоғары болып шықса тұтынушыға қайтпек керек? Мұндайда Сауда және интеграция министірлігіне қарасты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті сізге көмектесе алмайды. Себебі, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң бойынша тұтынушылардың қаржылық, әлеуметтік, медициналық, туристік және өзге де қызмет көрсету саласындағы құқықтары, сондай-ақ оларды қорғау мәселелері басқа заңдарда қамтылған. Сондықтан біз айтып отырған мәселе комитеттің құзырына кірмейді. Ондайда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекс бойынша тұтынушы жергілікті атқарушы органға, яғни, әкімдікке шағымдануға тиіс.

Ал жалпы, статистикаға келсек, елімізде жыл сайын тұтынушылар тарапынан түсетін арыз-шағым саны еселеп өсіп барады. Аталған комитеттің мәліметінше, биылғы екі айдағы шағым саны алдыңғы жылдардағы жылдық көрсеткіштен әлдеқайда асып тұр.

Комитет 2020 жылы 21 мыңға жуық өтінішті қараған болса, 2021 жылы шағым саны 25,2 мыңға дейін өскен. Ал биылғы 2-3 айдың өзінде былтырғы жылдық көрсеткіштен де жоғарылап, 30 мыңнан асып тұр. Өткен жылдың осындай кезіндегі шамадан 120% артып кеткен.

Комитет дерегінше, былтыр арыз-шағым саны мына салаларда 2-3 есе көбейген:

  • көлік қызметтері – 310%
  • байланыс – 308%
  • қоғамдық тамақтану – 293%
  • медициналық – 262

Биылғы бірер айдағы өтініштердің негізінде қолданылған тиісті шаралардың нәтижесінде тұтынушыларға 786 млн теңгесі қайтарылған. Ол былтырғы осындай уақыттағы көрсеткіштен 216,5% жоғары. Ал 2021 жылғы 10 айда тұтынушыларға 363,02 млн теңге ғана қайтарылған еді.

Комитет өкілдерінің сөзінше, шағымдардың арта түсуі тұтынушы құқығының бұзылунан бөлек, тұтыну мәдениетінің де өскенін көрсетеді. Оған БАҚ және әлеуметтік желілердегі күнделікті ақпараттық-ағарту жұмыстарының да үлесі барын айтады.

Сонымен қатар, жұрт тұтынушы құқықтарына қатысты әділетсіздікке тап болса Комитеттің аумақтық департаменттерінен көмек сұрай алатынын айтты. Ондай жағдайда жеделхат-бот (kzpp_bot), электрондық үкімет порталы және өтініштерді қабылдау және өңдеу бірыңғай платформасы e-otinish арқылы хабарлауға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама