×

Шалғын ауылында өзен тасып, 25 үйді су басты: бір үй опырылып құлаған

БҚО-дағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар мәдениет үйіне көшірілді

 Халық үні 01.04.2022 | 10:52
фото: Halyq Uni

Кеше БҚО-дағы Қаратөбе ауданына қарасты Шалғын ауылындағы мектептің жартысын су басты. Бүгін ауыл жанынан өтетін Шилі өзенінің тасып, елді мекендегі 25 үйге су кіргені хабарланды.

Тұрғындардың айтуынша, бір үй опырылып құлаған. Су кірген 25 үйдің тұрғындары мәдениет үйіне көшірілген.

Қазір облыстық ТЖД басшылығы және облыс басшылығы вертолетпен жағдайды бағалау мақсатында су тасқыны қауіпті аумақтарға шықты.

Еске салайық, 31 наурызда Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қазақстанда қардың еруі және сең жүру салдарынан 157 елді мекенде су басу қаупі барын айтты.

Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында температура жоғарылап, Түркістан облысының оңтүстігінде және таулы, тау бөктері аудандарында, Жамбыл облысының солтүстік-шығысында, оңтүстігінде, таулы және тау бөктері аудандарында, Алматы облысының оңтүстігінде және таулы аудандарында жаңбыр мен қар түріндегі қатты жауын-шашын болады деп болжанып отыр.

Мемлекет төтенше жағдайларға тап болған (су тасқыны) азаматтарға қаржылай көмек көрсетеді. Бұл үшін республикалық және жергілікті бюджеттен резервте қаражат қарастырылған. Жыл басында республикалық бюджеттен төтенше жағдайға 7 млрд теңге қарастырылған. Жыл аяғына дейін тіркелген төтенше жағдайларға байланысты аталған сома артады.

Нұрлыбек Рахман, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама